Әскердегі қазақтілді кәріс баласы

29 Сәуір 2023, 18:04
1942
Бөлісу:
Әскердегі қазақтілді кәріс баласы
Фото: автордан

Қазақ даласын сонау ашаршылықта пана тұтып, бауыр басқан өзге этнос өкілдері жетірлік. Соның бірі – Сон әулеті. Бұл отбасының тілімізге, дәстүрімізге деген құрметі ерек. Бүгінде сол әулеттің бір бұтағы Сон Александр Виталийұлы 5514 әскери бөлімінде қызмет етеді, деп хабарлайды Жетісу өңіріндегі BAQ.KZ тілшісі.

Александр… сенің тілің де, тәрбиең де, жалпы қалпың да қазақы. Мұның сыры неде?

Барлығы өскен ортаға байланысты. Мен бала күнімнен аулада қазақ балаларымен ойнадым. Сондықтан тілім де қазақша шықты. Достарымның көбі қазақ болғаннан кейін, қазақи ортада жүргеннен кейін болмысымда солай қалыптасқан секілді. Көбі аңтарыла қарайды, менімен орысша сөйлеседі, мен қазақша жауап беремін. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «бала ортаға қарап бейімделеді» деген нақыл сөзі бар. Расымен көргенін, жегенін, білгенін осы топырақтан тамыр тартып жатқан соң, қазаққа айналып кетуін де заңдылық деп ойлаймын.

Оның рас, бізді де елең еткізген осы мінезің. Мәселен, өзің секілді еліміздегі өзге этностардың тілі орысша шығады. Қазақ тіліне көбі шорқақ. Бұл мәселе сені айналып өткеніне қайран қалып отырмыз?

Қазақ тілі мен үшін әрбір сөздің әсерлігімен ерекше. Бірақ кейбір қазақ бауыр-қарындастарымыздың өзі ана тілінде сөйлеуге ұялады не дұрыс білмейді. Мұндай жағдайда өзге ұлт өкілдеріне не кінә артамыз. Алдымен түбі қазақтан таралған әрбір азамат елге үлгі болуы керек. Бәрі мұқтаждықтан туады. Мен үшін қазақ елінің әрбір тасы қымбат. Сондықтан оның ана тіліне деген құрметім бөлек. Кейде қазақтардың өзіне аудармашы болып жатамын. Бұл маған да ыңғайсыз сезім сыйлайды. Мені бала күнімнен апам осы елге деген махаббатпен тәрбиеледі.

Ата-бабаларың қазақ даласына қашан келді? Қандай оқиға болды, сонау тарихтан сыр тарқатсаң?

Ата-әжелерім қазақ жеріне алғаш 1931-1960 жылдар аралығында қадам басты. Алғашында қараңғы күндері енді не болмақ деген екіұдай сезімде болыпты. Қазақ халқы бөтен адам болса да барлығын бауырындай қарсы алып, барымен бөліскен. Бұл тарихи оқиғаларды көрмесем де естігендерімнің өзі жүрегімді тебірентеді. Әйтеуір мен ес білгелі Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында тұрамыз. Ауылда кәріс отбасылары көп. Мен әжемнің қолында өстім. Тарихқа үңілсек, сол ашырашылық пен алапат соғыстан кейін қазақ даласына кәріс отбасылары пана іздеп келген. Кейбірі қайтып кетті, ал қалғаны қазақ даласына сіңіп, осында тірлік кешіп жатыр.

Әскердегі қазақтілді кәріс баласы

Бертін келе Корея қайту ойда болмады ма? Ондағы туысқандарыңмен араласып тұрасың ба?

Шыны керек, мұндай ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Мені ол жақпен ештене байланыстырмайды, әрі тартпады да. Менің барым да, нарым да осы ұланбайтақ Қазақстан. Осы елде өңдім, өстім, енді жетілгенде тастап кетуге қимаймын. Кореядағы туысқандарымды өкінішке қарай танымаймын. Үлкендердің айтуынша, онда туған-туыстарымыз тұрады. Бірақ, іздеп табу қиынға соғып тұр.

Ал, ана тіліңді ұмытқан жоқсың ба?

Ұят болсада мойындайын, кәріс тілін қазақ тілі сияқты сөздің майын тамызып сөйлей алмаймын. Шала-шарпы білемін. Оның өзі әжемнен үйренген сөздер. Мен ең жетік әрі таза сөйлейтін бір тіл болса – ол қазақ тілі. Орыс тілінде де таза сөйлеймін. Екі тілде де қарым-қатынас жасай беремін. Тек қазақ тіліне келгендей жүйрік аттаймын.

Иә, қазақ тіліне деген құрметіне бас имеске болмас. Оның үстіне мамандығың да қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Қазақ әдебиетіне деген қызығушылық қайдан туды?

Қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым 7-сыныпта қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атамыздың өлеңдерінен бастау алды. Оны Алмахан Баратқызы және Эльмира Бақытқалиқызы апайларым терең түйсінуіме жол ашты. Солар арқылы қара өлеңге деген махаббатым оянды. Осылайша қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап, жарыстарға қатыса бастадым. Маған мұзбалақ ақынның жырлары ыстық. Классик жазушылардың да еңбегін жиі оқып тұрамын.

Қазір қандай кітап оқып жатырсың?

Жалпы, мен қазақ әдебиетін талғамаймын, бәрін сүйіп оқимын. Негізі сүйікті ақын-жазушыларым Мұхтар Шаханов пен Әзілхан Нұршайықов. Қазір әскери қызметтемін ғой. Ал Әзілхан Нұршайықов атамыз соғыс тақырыбында көп қалам тербеген әйдік жазушы. Бүгінде "Ақиқат пен аңыз" деген керемет туындысын үшінші мәрте оқудамын. Студент кезімде «Махаббат қызық мол жылдар» кітабын оқып, тамсанғанмын. Бауыржан Момышұлы атамыздың ерлігін насихаттайтын роман мен секілді жас сарбаздарға ауадай қажет құндылық.

Қазір өзге этнос өкілі тұрмақ, қазақ балалары Отан алдындағы борышын өтеуден тайсақтайды. Сен әскерге барып қана қоймақ, келісімшартпен жұмыс істеп жатырсың. Неге осы жолды таңдадың?

Тағдырдың жазғанымен өкінішке қарай әке-шешем ажырасып, мен әжемнің тәрбиесінде болдым. Амал қанша, мен әскерге баруға дайындалып жүргенде әжем дүниеден озды. Бұл оқиға жүрегімді жаралады, бірден есеюіме сеп болды. Көп ұзамай Отан алдындағы борышымды өтеуге бел байладым. Әскери өмір өзіме қатты ұнады. Жасыратын несі бар бұрын әскерден қашқақтап жүретіндердің арасында өзімде болдым. Бірақ қазір ол қылықтарым үшін ұяламын. Әскери өмір маған көп нәрсені үйретті. Әсіресе уақыттың қадірін білуді. Сондықтан осында қалуды жөн көрдім. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі лауазымында қызметімді атқарудамын.

Әскердегі мамандар сені қалай қабылдады? Қиын болған жоқ па?

Жоқ, қайта жігіт ретінде ұстамды, мықты болуға жәрдемдесті. Олар маған бөле-жара, кеудеден итере қараған жоқ. Бәрімізге тәртіп ортақ, талап та солай. Бұйрықты екі етпеуіміз керек. Жалпы, әскери өмір сырт көзге қорқынышты көрінгенімен қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмыс қой. Жұмыстың жеңілі жоқ, тек әскердегі міндеттің салмағы ауыр. Соны әрбір сарбаз сезіне білуі қажет.

Қазір әскерде түрлі оқиғалар болып жатыр. Жас сарбаздардың жайы қалай?

Иә, ел ішінде алыпқашпа әңгімелер көп. Оның бәрі қауесет. Ең бір нәзік әрі әлжуаз жігіттің бірі мен болғанмын. Ал әскер мені басқа нағыз ер ретінде болмысымды ашты.. Әрине жастайынан қолынан гаджет түспеген бала сәлден болсын қиналады. Бірақ ішкі рухы мықты болса әскерге тез үйреніп кетуге болады. Басқа жағынан ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын.

Бүгінде Қорғаныс саласында қызмет етіп жүрсің. Қазір геосаяси соғыс жүріп жатыр. Көрші мемлекеттегі дүрбелең біздің әскердің жайына көп назар аудартуда. Осы орайда айта отырсаң?

Әлемде болып жатқан барлық жаңалықтарды көрудеміз. Ол әрине адамды сәлде болсын үрейлендіреді. Бірақ біз жерімізді, Отанымызды, ең бастысы отбасымызды жаудан қорғауға сақадай-сай дайынбыз. Мұнда әскери әзірлікті жоғарғы деңгейде ұстау үшін күнделікті оқу жаттығулар өткізіледі. Жас сарбаздардың көздерінді жалын бар. Ол жалын оңайлықпен сөнбесі анық. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз» деді. Мен де біртұтас ел ретінде егемен еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Қазақстан жасай берсін!

Өзгелердің жаңалығы