Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді қазақ халқы. Қашан да халықтың ұлы болу – әрбір жігіттің биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Кез келген ер жігіт әскер қатарында жүріп, Отан алдындағы парызды өтеуге міндетті. Себебі туған жерді, елді қорғау – қасиетті борыш.
Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді.
Осы орайда әскерге қадам басқан жас сарбаздардың арасынан келісімшарт бойынша әскери қызметін оркестрдің құрамында жалғастырып, бойындағы өнерге деген талантымен жауынгерлердің рухын көтеретін әскери патриоттық әндерді шырқап жүрген жас дарын Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Абзал Нуриддинмен әңгімелестік.
-Абзал Ермекбайұлы, орындаушылық қабілетіңізден бөлек, жас сазгерсіз, бірнеше әндердің авторы екенсіз, өміріңізді толықтай әскери қызметпен байланыстыруға не себеп болды?
-Мен бала кезімнен әскери қызметкер болуды армандадым, отбасымда үлкен ағам құқық қорғау саласында қызметте жүр. Өнерге деген қызығушылығым да қатар жүрді. Музыкалық білім беру мамандығы бойынша жоғары білім ордасында жүріп, әскери кафедрада оқығым келді, бірақ өкінішке қарай, мүмкіндік болмады. Дипломымды алған соң мерзімдік әскери қызметке шақырту алдым. Әскери борышымды өтеп жүріп, әскери оркестрге келісімшартпен қызметке қалуға ұсыныс болғанда, қуана-қуана келістім. Өнеріммен Отан қорғау қызметі қатар келгені жанымды жадыратты. Осылайша Ұлттық ұлан қатарында қалдым.
- Өміріңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
-Мен 1999 жылы 11 мамырда Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Атамекен ауылдық округінде дүниеге келдім. Балалық шағым сол өзім туған ауылда өтті. 2005 жылы ауылдағы №23 «Жібек жолы» жалпы орта мектебіне бардым. Мектептегі үлгерімім жақсы болды деп айта аламын, қоғамдық іс- шараларда барынша белсенді болдым. Музыкаға деген қабілетім де, мектеп жасында пайда болды, көптеген конкурстарға қатысып жүлделі орынға ие болдым. 2016 жылдың мамыр айында орташа нәтижемен мектепті аяқтадым. Отбасыма келсем, мен үлкен отбасында өмірге келдім, үйдің кенжесімін. Әкем қанша жыл мектепте қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, өз ортасына сыйлы адам еді, өкінішке қарай мен әскерде жүргенде өмірден озды, анам, 3 ағам 2 әпкем бар. 2016 жылы қыркүйек айында Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша оқуға түстім.
-Өнер саласындағы жетістіктеріңіз де бар екен, толығырақ айтып өтсеңіз.
-Университетте оқып жүріп өзімді көптеген бағытта сынап көрдім, композиторлық, ақындық бағытта біршама жұмыстар істедім. 2018 жылы Шымкент қаласында өткен атақты композитор Ержан Серікбаевты еске алуға арналған шығармашылық кеште «Жас композитор» номинациясымен марапатталдым. 2020 жылы Шымкент қаласында эстрадалық бағытта өткен «SUN OF TALENTS» халықаралық конкурсында 1- орынға ие болдым. Одан бөлек өзім әні мен сөзін жазған «Ана-әке», «Досым» деген әндерім жарыққа шықты.
-Жалпы келісімшартқа дейін 1 жылдай мерзімдік әскери қызметте болдыңыз, әскери өмір сізді өзгертті ме, не үйретті?
-Иә, әскери өмір мені есейтті десем болады. 2020 жылы мамыр айында мен өз оқу орнымды жақсы деген бағамен аяқтап диплом алдым. Орал қаласында тұратын ағамның кеңесімен мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа құжаттар дайындап жүрген кезім болатын. Әскерге шақырту алдым, солай 2020 жылы желтоқсан айында Атырау қаласындағы 5546 әскери бөліміне Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Сол кезден бастап әскери қызметші болуға деген сөне бастаған үмітім қайта тұтанды.
Енді қалайда әскери адам боламын деп шештім. Алдыма қойған мақсатқа жету жолында жасаған ізденістер маған әскери өмірді тануға және оған бейімделуге үлкен септігін тигізді. Әскери ант қабылдаған әрбір солдаттың бойында қуаныш және мақтаныш сезімі болары анық. Дәл сондай сезім менде де болды. Әскер маған шыдамдылықты, төзімді әрі жігерлі болуды, ең алдымен отбасымның және алтын уақытымның қадірін білуді үйретті. Жоғарыда айтқандай, әскерде жүріп әкемнен айырылдым, алыста жүріп ең жақын адамымнан айырылу маған қиынға соққаны рас. Күн сайын өзімді қайраумен сабырға шақырумен болдым. Бұл жағдайды ешкімге де тілемес едім.
Солай жүріп әскери өмірге бейімделе бастадым. Әрине, басында әскери өмірге бейімделу қиын сияқты көрінді, себебі қалада өзі қалаған ісін жасап, еркін өмір дағдысына үйреніп қалған жігіттердің тәртіппен орындалатын іс-әрекетке үйренуі проблема болуы мүмкін. Әскери өмірді адамды еркіндіктен айыру деп түсіну - қате, бұл жерде барлығы тікелей әскери тәртіпке байланысты және сенің емес, еліңнің еркіндігі маңызды екенін түсіну бойында намысы жоғары әрбір ер жігіттің міндеті деп ойлаймын. Сонымен қатар мен әскери бөлімдердегі офицерлер мен сержанттардың рөлін өте жоғары бағалар едім, себебі қарапайым әскери сауатқа ие емес жігіттерді жоғары деңгейде жауынгерлік әзірлікке даярлау, бұйрыққа бағынатын, Отанға адал, сенімді, саналы сарбаз етіп үйретіп, тәрбиелеп шығару өте күрделі жұмыс және бұл міндетті олар абыроймен атқарып жүр дер едім.
Осындай командирлердің арқасында менің де мақсатым одан әрі айқындала түсті. Әскери мектептен өткен және өтпеген яғни әскерде болған және болмаған азаматтардың арасы жер мен көктей екенін мен сезіндім, көрдім.
«Жау жоқ деме жар астында, Бөрі жоқ деме бөрік астында» демей ме дана халқымыз, ұланғайыр даламызға көз тігіп отырғандар да жоқ емес. Қандай жағдай болмасын бізге сауатты командирлер мен білімді, қырағы батыл сарбаздар ауадай қажет. Мен Бауыржан Момышұлы атамыздың өмір жолынан мысалға келтіргім келеді, ол кісі аға-лейтенант болып жүріп, бір батальонға басшы болды. Оның әскери сауаттылығы, тактикалық жоғары ойлау қабілеті жау тылын жарып шығуынан бөлек, бүкіл армия басшысы генерал Панфиловтың өзіне жеңіске жету жолында үлкен көмекші болуына дейін жеткізген болатын.
Әскери өмір маған осы мысалдармен өзімді Отанға пайдалы тұлға болу жолында күресті бастауға үйретті және міндеттеді.
-Алдыңа қойған мақсатыңызға жетіп, әскери қызметші атандыңыз – бұл қазіргі жетістігіңіз. Алдағы жоспарларыңмен бөліссең.
-Әскери қызметші болуға қол жеткіздім. Қазіргі таңда әскери оркестрде музыкант боп қызмет атқарып жатырмын. Білімім жоғары, алға қойған мақсатым да, жоспарым да көп. Адал еңбек пен саналы білім ғана алға жетелеп, жетістікке жеткізері анық, талмай еңбектенемін. Ұлы даламыздағы тәуелсіздік пен егемендіктің баянды болашағын қорғайтындар олар қазіргі әскеріміздегі жауынгерлер деп сеніммен айта аламын. Сондай-ақ әскеріміздің айбынды болуына ең мықты әсер ететін – әскери қызметшілеріміздің ұлттық рухта тәрбиеленуі. «Соғыстағы ең суық қару қару – адамның рухы» деген батыр бабамыз Б. Момышұлы. Мың жерден бес қаруың сай болса да, жауынгердің бойында рухы төмен болса, одан жеңісті нәтиже мен баянды болашақ күту қиын. Ал кез келген әскери бөлімде жауынгерлерімізге ұлттық рухты бойларына құйып, батылдыққа тәрбиелеудің құралы болатын ол - әскери оркестр. Ендігі жерде әскери қызметшілер мен жауынгерлердің рухын көтеріп, шынайы патротизмді арттыру да шығармалар жазу жоспарымда тұр.
-Тұшымды әңгімеңізге рақмет!