Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков әскери бөлімдердің бейнекамералармен қаншалықты қамтылғанын айтып, осы саладағы жаңашылдық туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қазір барлық бөлімдерде бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам камера орнатылды, бірақ “өлі аймақтар” қалмауы үшін қосымша тағы да камералар қажет. Сондай-ақ пилоттық жоба аясында кейбір бөлімдерде түрлі заңбұзушылықтарды анықтап, кезекшілерге хабар бере алатын жасанды интеллект элементтері бар бейнекамералар орнатылып жатыр, – деп атап өтті Асқар Мұстабеков.
Вице-министр соңғы қайғылы жағдайларға қатысты видеожазбалар ата-аналарға көрсетілгенін де айтты.
Соңғы трагедиялық жағдайлар бойынша: ата-аналар оқиға орнында болды, біз оларға жазбаларды көрсеттік, ештеңені жасырған жоқпыз, – деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрлігі Қазақстанда әскерге жаппай күшпен мәжбүрлеп шақыру туралы ақпаратты жоққа шығарды.