Бұл туралы ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директоры Мағрипа Ембергенова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Қазақстан – сәбилердің жүрегіне дүниеге келген сәтінен бастап ашық операция жасайтын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.
2024 жылы туабіткен ақауы бар сәбилерге 1700-ден астам ашық жүрекке операция жасалды. Сәбилердің жартысы – бір жасқа толмағандар, - деді Мағрипа Ембергенова.
Айтуынша, елдегі 11 перинаталдық орталықтардың базасында неонаталды хирургия бөлімшелері жұмыс істейді.
Біз туабіткен ақауы бар сәбилерге 1500-ден астам ота жасадық. Олардың 40%-ы – эндовидеохирургияның көмегімен жүзеге асырылды. Осылайша, сәбилердің өмір сүру мүмкіндігі 86%-ға дейін артып, сәбилер өлімі 15%-ға және мүгедек болу қаупі – 7,5%-ға төмендеді, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Еске салайық, бұған дейін елде жыл сайын 370 мыңдай сәби дүниеге келетінін жазған болатынбыз. Сондай-ақ, Қазақстанда сәбилердің денсаулығы қалай қорғалатыны айтылған.