Ашық қоғам қалыптастыруға қадам басқан елдерде саяси күштер тең болу керек – Жанарбек Әшімжан

26 Сәуір 2022, 18:20
3480
Бөлісу:
Ашық қоғам қалыптастыруға қадам басқан елдерде саяси күштер тең болу керек – Жанарбек Әшімжан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді. 

Оның айтуынша, кезектен тыс өткен партияның ХХІІІ съезіндегі 3 мәселені ерекше алға тартуға болады. 

Бүгінгі AMANAT партиясының Құрылтайындағы үш мәселені айрықша атап айтқым келеді. Бірінші, ADAL партиясының билеуші партияға қосылуы. Бұл – еліміздің партиялық-саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер байқала бастағанының айқын көрінісі. Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында билік институттарын күрделі қайта құрылымдау мен теңгерімдеу бағытындағы үдерісті ерекше атап өткен болатын. Партиялық заңнаманы өзгерту бойынша ұсынылған бастамалар партиялық құрылымның тамырына қан жүгірте бастады. Бұл қадамды ADAL партиясы саяси кеңесінің AMANAT партиясына қосылу туралы шешім қабылдауынан анық көруге болады, - деп атап өтті мәжілісмен. 

Сондай-ақ ол саяси реформалардың жүзеге асырылуы маңызды деп отыр. 

Бүгінгі жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарыс жағдайында ел Президентінің саяси реформаларды жүзеге асыруы бұрынғыдан да өзекті екені уақыттың өзі дәлелдеп берді. ADAL партиясы 2020 жылы ребрендингтен кейін жұмысын қайта құрылымдау арқылы айтарлықтай күшейді. Мысалы, партияның «Скрининг» сияқты қызықты жобаларына назар аударуға болады. Жоба аясында үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлер тексерілді, «Отбасылардың цифрлық төлқұжаты» қалыптастты, партиядан сайланған ауыл әкімдерінің жұмысын әдістемелік қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Демек, AMANAT партиясының жұмысы модернизациялау мен трансформациялауда жаңа сапаға көтеріледі деген сөз, - деді ол. 

Сонымен қатар депутат ашық қоғам қалыптастыруды бағыт еткен мемлекеттерде саяси күштер тең болу қажет деп есептейді. 

Екінші атап өтер мәселе – мемлекет басшысының AMANAT партиянынан шығатынын ресми түрде мәлімдеуі. Жалпы, ашық қоғам қалыптастыруға қадам басқан елдерде саяси күштерге тең жағдай жасалу керек. Әкімшілік ресурстар мен ақпараттық жүйе теңгерімді жұмыс жүргізу үшін, халықтың таңдау жасауына жағдай туғызу үшін мемлекет басшысының партияларға деген ықпалы маңызды. Осы орайда «саяси таразының» бір жағы басып кетпеуін қамтамасыз ету маңызды және саяси мәдениеттің негізгі көрсеткіші, - деді Жанарбек Әшімжан.

Сонымен қатар өз сөзінде партияның жаңа төрағасына қатысты былай деді. 

Үшінші, AMANAT партиясына жаңа төраға болып Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың саялануы. Өте ашық және мәдениетті адам. Әрине, мемлекет басшысы ұстамды және ұтымды ұсыныс жасады. Мәжіліс спикері ретінде түрлі бюрократиялық барьерлердің тамырына балта шауып, ел-халыққа тиімді заңдар қабылдаудағы ерік-жігерін сәт сайын сезініп те, көріп те жүрміз. Демек, саяси ұйымның жетекшісі ретінде де қоғамдық өзгерістер мен саяси реформалардың жүзеге асуына ықпал ететіні даусыз, - деді Жанарбек Әшімжан.

Өзгелердің жаңалығы