Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да «Ashyq» жобасын іске асыру тақырыбында өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов қосымшаның тиімділігі туралы айтты.
26 сәуірден «Ashyq» қосымшасы еліміздің барлық өңірінде іске қосылды.
12 мамырдағы жағдай бойынша қосымшаны пайдаланушының жалпы саны 1 103 505-ті құрап отыр. Ол үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы әзірлеушілерімен бірлесіп бизнес өкілдерін оқыту жүргізілді. Қосымшаның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оның қуаты күшейтілді, - деді ол.
Сонымен қатар жоба іске қосылған кезден бастап «қызыл» мәртебесі анықталған пайдаланушылардың жалпы саны 1 749, «сары» пайдаланушылар 1 268. Одан бөлек, «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 035-ті құрайды.
Айта кетейік, 11 мамырдан бастап Көліктегі бас санитарлық дәрігердің қаулысымен әуежайға күтіп алушылар мен шығарып салушылардың кіруін шектеуге қатысты қаулысы шықты. Ол «қызыл» аймақта орналасқандарға қатысты.
12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы «Ashyq» жобасына қосылды. Енді жолаушыларды шығарып салатын және қарсы алатын азаматтар әуежай ғимаратына осы қосымшаның көмегімен еркін кіріп-шыға алады. Бұған дейін әуежайға артық адам кіре алмайтын. 21 мамырдан бастап Алматы қаласының әуежайы да «Ashyq» жобасымен жұмыс істей бастайды, - деп вице-министр түсіндірді.
Оның сөзінше, «Ashyq» жобасы әуежайларға енгізілгелі өзінің тиімділігін көрсетті. Нәтижесін 8 «қызыл», 9 «сары» пайдаланушы анықталды. Бұл КВИ-мен ауырып жүргендерін біле тұра адамдардың ел ішінде жүргендерін көрсетеді.