Ашық оқыту платформасы халықаралық форумда таныстырылды

3 Қазан 2024, 20:05
358
Бөлісу:
Ашық оқыту платформасы халықаралық форумда таныстырылды
PHOTO
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Data Literacy ашық оқыту платформасы Ташкенттегі ТМД елдерінің II Халықаралық статистика форумында таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық статистика бюросының Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірлеген бағдарламасы мемлекеттік қызметшілерге қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, тәжік және өзбек тілдерінде қолжетімді. Бұл бағдарлама статистика және деректерді талдау саласындағы білім деңгейін арттыруға көмектеседі.

Ашық оқыту платформасы халықаралық форумда таныстырылды

Форумда жаңа платформаны Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова таныстырды. Жобаны көрсете отырып, ол оқыту бағдарламасының жарияланған деректермен жұмыс істеуге және олардың интерпретациясына, статистика саласындағы методологиялық мәселелерді түсіндіруге, деректердің сапа стандарттарына және баламалы дереккөздерді қолдануға бағытталғанын айтты.

Жаңа білім – әлемдегі өзгерістерге сәтті бейімделудің кілті. Деректермен тиімді жұмыс істеу үшін мамандардың заманауи білімі мен дағдыларының болғаны маңызды. Бағдарлама тыңдаушыларды статистиканы жақсы түсінуге үйретіп қана қоймай, сонымен қатар деректер негізінде шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті форумда сөз сөйлеген Әсел Шауенова.

dataliteracyhub.stat.gov.kz оқыту платформасы статистика және деректерді талдау саласындағы онлайн курстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді және оған кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Форум алаңында қатысушыларға курсқа тіркелу және өту мүмкіндігі берілді.

Ашық оқыту платформасы халықаралық форумда таныстырылды

ТМД мемлекетаралық статистикалық комитеті ұйымдастырған «Жаңа технологиялар мен дереккөздер" ТМД елдерінің II Халықаралық статистикалық форумы Ташкент қаласында өтіп жатыр. Форумның мақсаты – заманауи ақпараттық технологияларды қолдану саласындағы озық тәжірибемен алмасу, ресми статистиканы қалыптастыру үшін баламалы дереккөздерді, үлкен деректерді және жасанды интеллектті пайдалануды талқылау, сондай-ақ статистикалық білім берудің өзекті мәселелері. 

Форумға Ұлттық статистикалық қызметтердің 150-ден астам өкілі, БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымдарының, мемлекеттік басқару органдарының, ғылыми қоғамдастықтың, жоғары оқу орындарының, бизнес пен БАҚ сарапшылары қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы