Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 16 сағаттық онлайн марафон аясында болған «Ашық микрофонда» сапалы, сапасыз және тарихи кинолар мен Токио Олимпиасында алған қос қола туралы айтылды.
Бүгінгі киноның әлеуеті жөнінде әңгімелесу үшін сахна төріне режиссер, сценарист Мұрат Есжан шақырылды. Ол өзі түсіретін фильмдердің сапасына мән беретінін алға тартып, өміршең екенін айтты.
Вайн бүгін үшін, біздікі ертең үшін. Сондықтан вайн секілді кинолар бүгін бар, ертең жоқ. Ол да болу керек. Бірақ біз сапаға жұмыс істейміз, сапалы көрерменге жұмыс істейміз. Киноны көрген адам көріп, соны ұмытып кетпей, оны өміріне қолданса деп ойлаймыз. Ондай нәрсе әдетте миллиондап көрілім жинамайды. Әрине, біз де заман ағымына ілесуге барынша тырысамыз, қолдан келгенін жасаймыз, – деді режиссер.
Сонымен қатар, сценарист «Қазақфильм» түсіретін кей тарихи фильмдерге қатысты халықтың сынын жинақтап айтып берді.
Тарихи киноларда тарихи ізденіс кемшін болады. Ол жерде көптеген кітаптар, зерттеулер, архивтер бар соның бәрін қарау жағы үстіртін болып кетеді. Қазақтың байырғы майы тамған сөзін пайдалану жағы әлсіз. Бізде кейінгі кезде шабыс, айқастарға, соның техника жағына көп кетіп қалған сияқты, – деді Мұрат Есжан.
Ал «Ашық микрофонға» шыққан бокстан Әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Олимпиадада спортшыларға сәттілік жетпей қалғанын айтып, «Токиодағы екі қоланы Парижде екі алтынға айырбастаймыз»,- деді.