Ashyq: Мәртебе бойынша әуежай мен теміржол вокзалдары көш бастап тұр

29 Маусым 2021, 16:38
1769
Бөлісу:
Ashyq: Мәртебе бойынша әуежай мен теміржол вокзалдары көш бастап тұр

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Лесбаева хабарлады. 

Оның айтуынша, Алматыдағы ТЖ вокзалдары жобаға 21 маусымнан бастап енгізілген. Аз уақыт ішінде «қызыл» және «сары» мәртебесі бар келушілер көптеп анықталыпты.

Инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін жасалған жобаға қатысушылар өздеріне алған міндеттемелерді сақтамаса, олар тізімнен алынып тасталады. Сонымен қатар, екі айға дейінгі мерзімге жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады.

Жобаға енген алғашқы күні Алматы-2 теміржол вокзалында сканерлеу кезінде алыс сапарға шығатын жолаушы анықталды. Оның сапары бірнеше күнге созылуы керек еді, алайда «қызыл» мәртебесі анықталды. Демек, шектеу режимін бұзды, – дейді Салтанат Лесбаева. 

Бүгінде алматылық 8 тұрғын осындай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерген.

Айта кететін жайт, Аshyq қосымшасы негізінен қатысушының «көк» мәртебесін анықтайды деген пікір қате. Керісінше, мегаполисте сканерлеу кезінде «қызыл» мәртебесінің 670 тұрғында, ал «сары» мәртебесінің 178 адамда бар екені расталған. ТЖ вокзалдары мен әуежай «қызыл» мен «сары» мәртебесі бар қала тұрғындарын анықтау бойынша көшбасшы көрінеді.

Қазіргі уақытта Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және әзірлеушілермен бірлесіп жобаға қатысушылардың тізімін кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Жуырда жобада жоқ сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар мен асханалар жеңілдіктермен жұмыс істей алады.

Естеріңізге сала кетейік, мәртебеңізді Ashyq қосымшасымен қатар «Aitu», «Egov mobile» қосымшалары және Kaspi bank пен «Халық банк» қосымшалары арқылы тексеруге болады. Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Мәртебесін білу үшін ЖСН енгізу жеткілікті.

 

Өзгелердің жаңалығы