Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл деректі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты.
Бірінші вице-министр таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі сәтте Ashyq жобасына қызметтің барлық саласының 13 мыңнан астам нысаны енгізіліп, 4 миллионнан астам қолданушы тіркелген.
Сонымен қатар, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтардың оқшаулану режимін сақтамай, адамдар жиналған орындарға баруы, ел ішінде еркін жүріп-тұру деректері байқалып отыр.
Ashyq іске қосылғаннан бері 12 мыңнан астам адам карантин бұзған. Олардың ішінде, ПТР-сынаманың оң нәтижесі бар 5 959 науқас болса, 5 770 адам олармен байланыста болғандар. Індет жұқтырғандар мен вакцинацияланбаған байланыста болғандарға міндетті үй карантинін сақтау міндеттеледі. Мерекелік демалыс алдында QR тесті арқылы ауырғандардың анықталу дерегі артты, - деді ведомство басшысы.
Осыған байланысты, министрлік арнайы ережелер бекітіп, ол күшіне енгені белгілі. Яғни, оқшаулану режимін бұзып, айналасындағыларға індет жұқтыру қаупін келтірген азаматтар 30 АЕК немесе 87 510 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді.