Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда тұрғыны автокөлік салонынан теңге мен АҚШ долларын, сағат ұрлаған. Ақша мен сағаттың ұрланғаны жөнінде полицияға автокөліктің иесі хабарлаған.
Жәбірленушінің айтуы бойынша, ол үйге кетіп бара жатып өзінің «Инфинити» маркалы автокөлігінің зат салғышына ішінде 100 АҚШ доллары, «100 рубль» сувенирлік купюра және 15 мың теңге ақшасы болған әмиянын қалдырып кеткен. Сол жерде оның «Касио» маркалы сағаты да болған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта машина есігінің құлыптаусыз қалғанын анықтаған. Бұл ұрының автокөлік салонына еркін кіріп, ұрлық жасауына мүмкіндік берген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ер адам мойындау айғағын берді. Ұрланған заттар тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары дабыл қойылмаған және иесінің немқұрайдылығы салдарынан есігі құлыпталмай қалған автокөліктердің ішіне бөгде адамның еркін кіріп, әдеттегідей ұялы телефон немесе басқа да құнды заттардың ұрлануына әкеп соқтыруы мүмкін. Автокөлік ұрлығын болдырмас үшін автокөліктерді күзетілетін тұраққа, сондай-ақ, бейнебақылау камераларымен жабдықталған тұрақ орындарына қою керек – дейді құқық қорғаушылар.