Қашықтан жүргізілген оқу жүйесінің алғашқы күнінің нәтижесі белгілі болды

6 Сәуір 2020, 19:27
2042
Бөлісу:
Қашықтан жүргізілген оқу жүйесінің алғашқы күнінің нәтижесі белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде оқушылар үшін IV тоқсан оқу жылы  басталды.  Бірінші күні қашықтан жүргізілген оқу жүйесінің нәтижелері қандай бұл жөнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте атап өтті.

Бұл тоқсан біз үшін ерекше. Өйткені қашықтықтан оқыту форматы бойынша біз жұмысты бастап отырмыз. Қысқа мерзім ішінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Білім саласы үшін бұл үлкен емтихан. Одан басқа ол үлкен мүмкіндік деп айтқым келеді. Осындай сынақтан кейін білім саласы өзгеретіні айдан анық. Мұғалімдер болсын оқушылар да осы қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына үйренді деп ойлаймын. Жалпы үлкен жұмыс жүргізілді, - деді министр. 
Қазақстан бойынша алғаш рет өткізіліп отырған қашықтықтан оқу жүйесі үлкен нәтижеге жетті. Бірнеше платформалар арқылы оқушылар білім алып, бейне сабақтармен танысты. 
Оңай болмаса да оқуды бастадық. Қашықтан оқу форматына көштік деп толығымен айта аламын. 3,2 млн оқушы бүгін оқуды бастады. Олар әр түрлі бағыт бойынша оқып жатыр. Кейбіреулері интернет желісі бойынша, басқалары теледидар арқылы білім алуда. Интернет жүйесі бойынша бірнеше платформалар жұмысын атқаруда. Kundelik, daryn online, bilimland платформалары қазір белсенді түрде қолдану үстінде. Жалпы интернетті қашықтан оқытуға көшкендер 2,4 млн оқушыны қамтиды, - деді спикер.
Тек қана бір күннін ішінде Kundelik платформасына 2,2 млн оқушы кірген. Барлығы  32 млн сессия жасалған. Сонымен қаатар, брифинг барысында теледидардан өткен бейне сабақтар туралы да сөз қозғалды. 
Таңғы 9-дан бастап сабақ басталды. Біреуінен қазақша біреуінен орысша сабақ өтті. Интернетпен жұмыс жасаған оқушылар қосымша ретінде теледидардан қосымша ақпаратты алдық деп отыр. Ата-аналар да ризашылығын білдіруде. Ауыл-аймақтарда  білім алудың қиындығы бар еді. Өзім звондап хабарласып, білдім. Барлығы жақсы пікір білдіріп, теледидардан білім алдық деп жатыр, - деді министр Асхат Қанатұлы.
Техникалық ақаулардың болғандығы  туралы да сөз болды. Әрі қарай жұмыс барысында барлық ақаулар ескерілетінін тілге тиек етті министр. Сонымен қатар, спикер мұғалімдердің еңбегі зор екендігін атап өтті.  
Мұғалімдердің жұмысы жеңілденді деген сыбыстар естіп жатыр. Бірақ ол дұрыс емес. Керісінше ауырлады деп айтуға болады. Себебі мектепте 25-30 балаға бірдей сабақ түсіндіріп, бірдей тапсырма беретін мұғалім бұл жерде әр баламен жеке-жеке жұмыс істеуі қажет. Әр баламен түнге дейін жұмысын жүргізіп отыр. Ол оңай шаруа емес. Бір мұғалімнің өзінде бірнеше сынып болуы мүмкін. Сондықтан ұстаздардың жұмысына өз ризашылығымды білдіремін, -деді министр.

Өзгелердің жаңалығы