Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков хабарлады. Оның айтуынша, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заң жобасы мал санын шектеуді көздемейді және елдегі ауылдарға тәртіп енгізуге мүмкіндік береді.
Министрлік ұсынып отырған заң жобасы ауыл тұрғындарына ұстауға рұқсат етілген мал санын шектемейді. Түзетулер елдімекеннің шетінде малдарды күту ережелерін реттейді.
Бірінші кезекте, ауылдық жерлердегі санитарлық талаптардың сақталуы ескеріледі. Далаға шыққанда дұрыстап ауа жұтқысы келетін адамдар көп. Яғни көрші үйдегі шағын шошқа фермасының немесе құс фабрикасының иісін иіскегісі келмейтіні анық. Ауылдықтар көңнің ортасында емес, әдемі ауыл табиғатының ортасында отырғысы келеді, - деп атап өтті министрдің кеңесшісі.
Сонымен қатар ол талқыға түсіп жатқан заң жобасының аясында ірі және орта ауыл шаруашылық өндірушілеріне бөлінетін субсидия көлемінің қысқаруы мүмкін деген сөзге тоқталды.
Көп адамдар субсидияның бәрі жеке қосалқы шаруашылыққа бағытталып, ірі және орта ауыл шаруашылығын өндірушілерге берілмейді деп шулап жатыр. Бірден айтып өтейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес нормативтік-құқықтық актілердің кез келген жобасы мемлекеттік органдардың – әзірлеушілердің порталында бұқаралық талқылану үшін орналастырады. Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасына қатысты да солай жасалды. Тиісті уақыт ішінде осы заңға қатысты 1500 пікір келіп түсті. Шынын айтқанда, 60% немесе 900 пікір оң, 600-дей немесе 40%-ы жағымсыз пікірлер, - деді Төлеутай Рахымбеков.
Жағымсыз пікір қалдырғандар – ауыл шаруашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар деп отыр.
Әр пікірге мән беріп, бәріне жауап беруге тырыстық. Кей адамдар қатты тырысқаны соншалық, «Мен ЖҚШ туралы заңға қарсымын» деп 40 рет пікір қалдырған адам кездесті. 32 жастағы жас әйел, сағат түнгі екі жарымда не үшін осынша белсенді талқылауға кіріскен? Қарап көрсек, жағымсыз пікір білдіргендер – фитнес-клубтың жаттықтырушысы, сұлулық салонының визажисі, автошеберханада жуушы. Егер қарсылықтарына нақты дәлел келтірсе, ештеңе демес едік. «Қарсымын» деп қана жаза беруі күдік ұялатты. Қазақстан азаматы ретінде Антикор бір ай бұрын айтқан ауыл шаруашылық субсидиясын заңсыз ұтып алған фитнес-клуб, сұлулық салондарының жұмысшылары емес пе деген күмәнді ой келді, - деді Төлеутай Рахымбеков.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрдің кеңесшісі жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасы нені көздейтінін айтқан болатын.