АШМ: Қырыққабатқа сұраныс төмендеп кетті

30 Сәуір 2020, 09:05
2303
Бөлісу:
АШМ: Қырыққабатқа сұраныс төмендеп кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүкіл әлемде коронавирустың таралуы салдарынан азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуі аясында Қазақстан бастапқыда қырыққабат, пияз және сәбіз сияқты көкөністерді экспорттауға тыйым салды.

Тыйым елдің азық-түлік қауіпсіздігі және өз халқымызды жеткілікті мөлшерде азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Бұл шешім ескі дақыл қорының аз болуына байланысты шығарылды. Қалай болғанда да, былтырдан қалған қорды жаңа өнім алу кезеңіне дейін жеткізу қажет болды, деп түсіндірді ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі.

Тыйым салу туралы бұйрық 22 наурыз күні ішкі өнімдерді шетелдерге жаппай шығаруға байланысты қабылданды. Сондай-ақ, бұйрық 11 күн ғана әрекет етті. 2 сәуірден бастап тыйым алынып тасталып, шаруалар белгіленген квоталар шеңберінде қырыққабат, пияз және сәбізді экспорттауға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 4 мың тоннаға жуық қырыққабат экспортталды. Фитосанитарлық сертификаттар уақытылы берілді, өтінім бергендерге ешқандай кедергі болған жоқ, – дейді министрлік.  
Алайда, өңірлік тұрақтандыру қорлары ішкі тұтынуға қажетті көлемді сатып алғаннан кейін, 14 сәуірде шектеулер толығымен алынып тасталған. Тыйым алынып тасталғаннан соң, 20 мың тоннадай қырыққабаттың 971 экспорттық сертификаты берілді.

Биылғы жылы қырыққабатты жаппай жинау 10 сәуірде басталды. Осылайша, елдің оңтүстігі жаңа өнімге қол жеткізген соң, Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық тыйым салулар туралы бұйрықтың күшін жойды.

Өсірілген қырыққабат көбіне Ресей Федерациясына, Украина мен Беларуссияға шығаруға арналды. Алайда, карантиннің кеңінен енгізілуіне және экспорттық-импорттық қатынастардың шектелуіне, сондай-ақ супермаркеттердің, дүкендердің, базарлардың, мейрамханалардың және басқа да сауда орындарының жабылуына байланысты қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс ішкі нарықта да, шетелде де күрт төмендеді, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Өзгелердің жаңалығы