АШМ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша мәлімдеме жасады

13 Маусым 2024, 23:48
522
Бөлісу:
АШМ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша мәлімдеме жасады
Фото: pixabay.com

Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы аумақтарды химиялық өңдеу жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл үйір шегірткелердің таралуы 2,5 миллион гектар аумақты қамтиды деп болжануда, ең көп таралу аймағы Ақтөбе, Қостанай және Түркістан облыстарына тиесілі.

Химиялық өңдеуге 427 арнайы бүріккіш техника жұмылдырылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңдеу жүргізілу барысын бақылау үшін Қостанай облысына барды.

Аймақтағы 98 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілді. Оған 130 қызметкер тартылды. 55 бірлік техника пайдаланылуда.

Түркістан облысында нақты 333 мың гектар жер өңделді.

Қосымша өңдеу шаралары Арыс, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында жалпы көлемі 72 мың гектар аумақта жүргізілді. 73 бірлік жерүсті техникасы, 4 ұшақ тартылды.

Өңдеудің сапалы жүруін бақылау мақсатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов осы өңірде жұмыс атқаруда. Ақтөбе облысы бойынша: 12 ауданда 74 бірлік техника қолданылып, 357 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткелердің инкубациялық жерлерін зерттеуге және анықтауға 600 жуық адам тартылды. Вице-министр Аманғали Бердалин облыста жұмыс барысын бақылауда, - делінген ведомство хабарламасында.

Абай облысында химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде: 24 мың гектардан астам аумақ өңделді. 100-ден астам адам жұмылдырылған, 2 ұшақ, 9 жерүсті желдеткіш бүріккіштер қолданылуда.

Жамбыл облысында шегірткеден қорғау шаралары толығымен аяқталды.

Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 246 мың гектар алқап өңделді.

Өңделетін аумақтар анықталған жағдайда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары басталады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі қорғаныс шараларын уақтылы ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

Шегіртке зиянкестері көп таралған аймақтардың тұрғындарынан үйірлі шегірткелерді байқаған жағдайда дереу аудандық штабқа хабарласу қажет.

Өзгелердің жаңалығы