Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова депутаттық сауал жолдап, Ауыл шаруашлығы министрлігінің жұмысын сынға алған болатын.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов депутаттық сауалдағы бірқатар мәселеге қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы бүкіл әлемде дотациялық сала. Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Ол көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігі нәтижесінде агроөнеркәсіптік саласы өткен жылы барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім көрсеткенін айтты.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім көрсеткіші. Сонымен қатар азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті. Яғни, 350 млрд теңге субсидия бере отырып, біз 6,3 трлн теңгенің өнімін алдық. Міне, ауыл шаруашылығындағы салықтың көлеміне емес, халыққа, жалпы елге тиімді жағын бағалау керек, - деді министрлік өкілі.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде, агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрап, негізгі жоспардан 154,2 млрд теңгеге артық орындалды.
Агроөнеркәсіп өндірісінің өсу көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен расталады, ол 22%-ға ұлғайды және 1,3 млрд АҚШ долларын құрады (2019 жылы – 1,1 млрд теңге).
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық Economist журналы өткізетін Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растайды. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елі арасында 32-орынға ие болды, - деді А.Сұлтанов ОКҚ-де өткен брифингте.
Бұл ретте ауыл шаруашылығында дотациялар қарастырылғандықтан, соған орай салықтық жеңілдіктер де бар.
Мысалы, ауданы 5 мың гектарға дейінгі шаруашылықтар жердің сапалық сипаттамаларына сүйене отырып, бірыңғай жер салығын төлейді және салықтың басқа түрлерінен босатылады.
Өзге фермерлер мен қайта өңдеуші кәсіпорындар арнайы салық режимін пайдаланады. Мәселен, оларға салық төлемдері бойынша 70% жеңілдік беріледі, ал кейбір түрлерінен мүлде босатылады, - деп түйіндеді сөзін ол.
Бұған дейін ол Лива Қазақстаннан озбайтынын және азық-түліктің 80 пайызы сырттан импортталады деген ақпарат шындыққа жанаспайды деген болатын.