АШМ: Өткен жылдан екі есе көп техника сатып алынды

29 Қыркүйек 2021, 22:10
6231
Бөлісу:
АШМ: Өткен жылдан екі есе көп техника сатып алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Министр өңір шаруаларымен кездесіп, бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Ведомство басшысы ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен, жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысатын бірқатар мекемелерге барып, онда шығарылатын өнімдерді көрді. Сондай-ақ, оқу сыныбы бар күрделі жөндеу орталығы және агрегаттық шеберхана, ауыл шаруашылығындағы процестерді цифрландыру және автоматтандыру бойынша оқыту орталығы, техникаға арналған көрме мен машиналарды тест-бақылау алаңдарында болды.

Ұжымдармен кездесу барысында Ербол Қарашөкеев бірінші кезекте аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласын техникалық жабдықтау арқылы өнімділікті арттыру қажет екенін және министрлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламаларын іске асырып отырғанын айтты. Олардың қатарында инвестициялық және сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, лизингтік несиелеудің жеңілдетілген бағдарламалары бойынша да техника ұсынылады.

Министрдің айтуынша, тауар өндірушілердің сатып алу қабілетінің артуына инвестициялық субсидияны бастапқы жарна ретінде пайдалану, сондай-ақ отандық техниканы несиелеудің жеңілдетілген механизмдері ықпал етеді. Ағымдағы жылдың мамыр айының басында министрлік бекіткен инвестициялық субсидия нормативін (сұранысқа ие техника үшін 30% - ға дейін) арттыру сатып алу серпінін жеделдетуге мүмкіндік беруде.

Осы жылдың сегіз айында «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар 121,5 млрд теңгеге 6 362 бірлік техника сатып алған, бұл былтырғы жылдың ұқсас кезеңінде сатып алу көлемінен 2 есе көп - деді министр.

Ведомство басшысы күзгі-далалық жұмыстармен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасымен, дәнді және жем-шөп дақылдарын өсіру және тазарту, сондай-ақ ет және сүт өнімдері өндірісін кеңейту жөніндегі жобалармен танысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорнын аралау кезінде министрге Ақмола облысында егін жинау науқанының барысы және өсімдік шаруашылығын дамыту перспективалары туралы баяндалды.

Өңірдегі жалпы егіс көлемі 5 млн гектарды құрады, оның ішінде дәнді және дәнді – бұршақты дақылдар 4,5 млн гектар жерге, майлы дақылдар – 265 мың га, көкөністер – 3,5 мың га, картоп – 20,6 мың га, жемшөп дақылдары-191 мың га құрады.

Ағымдағы жылғы 29 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыста 4,5 млн га жердегі дәнді және дәнді – бұршақты дақылдың орташа өнімділігі 8,8 ц/га. Оның ішінде 101 мың тонна майлы дақылдар, 18,8 мың тонна картоп, 3,3 мың тонна көкөніс дақылдары жиналды. Бұл жинау алаңының 100 %-н құрайды.

Ербол Қарашөкеев өз кезегінде, былтырғы жылдан қалған астық көлемін ескере отырып, елдегі дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі мемлекеттің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы