АШМ: Өндірілетін сиыр етінің көлемі халықтың қажеттілігін толық қанағаттандырады

Бөлісу:
АШМ: Өндірілетін сиыр етінің көлемі халықтың қажеттілігін толық қанағаттандырады
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

2024 жылдың қорытындысы бойынша сою салмағында 430,0 мың тонна ІҚМ еті өндірілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық. Осы кезеңде өңделген өнімдер 270 мың тонна етті құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елде өндірілетін сиыр етінің көлемі халықтың қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырады, - деп жазды министрліктен.

Сиыр еті өндірісінің өсуімен қатар ІҚМ жалпы саны да өсуде. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ІҚМ саны 7,8 млн басты құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға артық. Айта кету керек, малдың 55%-ы агроқұрылымдарға тиесілі, ал 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш тек 45% құрады.

Саланы дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда.

Етті мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында субсидиялау түрінде елеулі мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады, оның жыл сайынғы көлемі шамамен 40,0 млрд теңгені құрайды. Етті мал шаруашылығы бойынша жобаларға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру көзделген.

Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс ет өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған, оған күрделі шығындарды барынша азайта отырып, технологияларды енгізу есебінен қол жеткізіледі.

Осыған байланысты 2024 жылдан бастап жайылымдық жерлерді ұтымды және ротациялық түрде пайдалануды, жемшөптің жануарларды ұстау орындарына жақындығын қамтамасыз етуді, құрама жем кәсіпорындарын ашу, бордақылау кезінде арнайы құрама жемді пайдалануды, сондай-ақ жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуды және құруды көздейтін етті мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізу жөніндегі жобалар іске асырылуда.

Осылайша, жем дайындаудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі өнімді өндіру үшін толық циклі бар ет кластерлері құрылуда. АШМ әрбір жобаны толық сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Атап айтқанда, австралиялық тәжірибе бойынша алдағы 2 жылда 98 мың ірі қара мал басына 6 бордақылау алаңын, 50 мың ірі қара малға арналған ірі бордақылау кешенін және бірінші мамандандырылған мал биржасын салу жоспарлануда.

Бағаның өсуіне келетін болсақ, олар көптеген факторларға байланысты. Олардың қатарында қазақстандық өндірушілердің етіне көрші елдердің сұранысы артып отыр.

Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің экспорты 8,0 мың тоннаға артып, 20,0 мың тоннаға жетті. Өндірілетін өнімді өткізудің тұрақты нарықтарының және қолайлы баға конъюнктурасының болуы саланы одан әрі дамытудың негізгі факторы болып табылады.

Квоталау тетіктерін қолдану ішкі нарықта да реттеуші әсер етеді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 26 қазаннан бастап тірі ірі қара малды (бұқашықтарды) әкетуге квоталау түріндегі сандық шектеулер қолданылады. Бұқашықтарды әкетудің сандық лимиті 85 000 басты құрайды. Бүгінгі таңда 70 379 квота немесе 82,7% (етке аударылғанда 10 мың тоннадан астам) игерілді. Аналық малды әкетуге толық тыйым салынған.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрінің а.ж. 9 қаңтардағы № 3 бұйрығымен етті мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және шешу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, істеуде.

Өзгелердің жаңалығы