Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда картоп жеткілікті: өңірлердің жедел деректеріне сәйкес, 11 маусымдағы жағдай бойынша республикада 70 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар.
Белгіленген тұтыну нормаларына сәйкес, елдегі картоп қоры жарты айдан астам уақытқа жетеді (халықтың жан басына шаққанда жылына 95 кг норма болғанда, еліміздің халқы күніне 4,9 мың тонна картоп тұтынады).
Айта кету керек, бұл - елдегі картоп қорын есептегенде шағын фермерлердегі және халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы сақталған картоп қорының негізгі көлемін (шамамен 80%) есептемегендегі көрсеткіш.
Қазіргі бағаларға қатысты: күнделікті баға мониторингі картопқа бөлшек сауда бағасы 138-450 теңге/кг аралығында болатынын көрсетеді.
Бүгінгі таңда ең төмен баға Қостанай (138 тг/кг) және Ақтөбе облыстарында (166 тг), ал ең жоғарғысы Нұр-Сұлтан қаласында (225-450 тг), СҚО (320-340 тг), ШҚО (335 тг) және Қарағанды облысында (270-310 тг) тіркелген.
Елордалық базарлар мен сауда нысандарының мониторингі бүгінгі күні картопқа деген сұраныс жоқ екенін көрсетті. Ассортиментте былтырғы да, жаңа дақылдың картоптары да бар және сатылып жатыр.
Сонымен қатар тауарлардың жеткілікті болуына байланысты баға төмендеп келеді. Өткен жылғы картоп сапасына қарай, келісі 120 теңгеден 200 теңгеге дейін сатылады. Биылғы өнім елордадағы «Шарын» және «Шапағат» сауда орталықтарында 280-320 теңгеден, «Евразия», «Магнум» және «Смолл» СОО-да келісі 400-450 теңгеден сатылады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері картоптың құны 48,6%-ға өсті. Бұл өсім маусымдық сипатқа ие. Мысалы, 2020 жылы дәл осы күні статистика органдары 46%-ға жуық өскенін тіркеген. Жағдайды талдау маусымдық бағаның өсуіне делдалдар мен сауда объектілерінің үстемені көп қосқаны әсер еткенін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, маусым айынан бастап оңтүстік аймақтарда ерте пісетін көкөністер мен картоптың жаңа өнімі жаппай жинала бастады. Мұнда биылғы картоптың бағасы тоннасына 175-200 мың теңге аралығында. Жақын арада жаңа өнімдерді жеткізу нарықтағы бағаға едәуір оң әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына ерте пісетін картопты Түркістан облысынан сатып алу ұсынылады.
Биылғы картопты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының нарығына жеткізуді ұйымдастыру үшін оператор ретінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ны іске қосу қажет. Сондай-ақ, әкімдік ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізе отырып, жәрмеңкелер ұйымдастыру ұсынылады.