АШМ инвестиция үшін маңызды салаларды анықтады

8 Тамыз 2020, 19:03
1518
Бөлісу:
АШМ инвестиция үшін маңызды салаларды анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ГФР Азық-түлік және ауыл шаруашылығы Федералды министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Уве Файлермен Қазақстан мен Германияның агроөнеркәсіптік кешені ынтымақтастығы аясындағы жұмыстар жайлы талқылады.

 Кездесу іскерлік және ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен онлайн-форматта өтті. Бейнеконференцияда тараптар аграрлық сала проблемаларын, оның ішінде COVID-19 пандемиясының тамақ өнімдерін өндіру мен өткізуге тигізген әсерін талқылады. Сондай-ақ, жобалық қызмет шеңберінде жақын арадағы бір жылға арналған тығыз ынтымақтастық бағытын белгіледі.

Саяси және қоғамдық пікірталастарда COVID-19 тақырыбы өзекті болып табылады. Коронавирус инфекциясының таралуы экономиканың барлық саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығына да әсер етті. Пандемияның белсенді әрекеті кезінде көптеген ел өз шекараларын жауып, автокөліктердің қозғалысын шектеді. Бұл азық-түлік өнімдерін уақтылы жеткізуге кедергі болды. Көптеген шаруашылық әлі күнге дейін жұмысшылардың жетіспеушілігін бастан кешуде. Осы және басқа да көптеген проблема азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын айқындады.

Тиісті қорытынды жасап, пандемия жалғасқан жағдайда қауіп-қатерге дайын болу керек. Шаруалар үшін алға қойған мақсаттар орындалуы керек. Оларды қолдау керек. Бұл бағыттағы ілгерілеу көпжылдық қаржыландыру бағдарламасы бойынша әрі қарайғы келіссөздерге, бірлескен агроөнеркәсіп саясаты және фермерлік шаруашылық стратегиясына байланысты. ЕАЭО-да жануарлардың әл-ауқатына және кеңейтілген қоректік құндылықтарға қатысты бірыңғай сапа белгісін құру қажет, - деп атап өтті өз баяндамасында Парламенттік статс-хатшы Уве Фейлер.

Бұл бағыттар Германия мен Қазақстан ынтымақтастығының екіжақты бағдарламасы шеңберіндегі жобалық жұмыстарда көрініс табады. Неміс тарапы өз аграрлық азық-түлік секторын дамытуда қолдау көрсету үшін шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров қазіргі экономикалық жағдайда қазақстандық аграрлық саланы дамыту векторлары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді тереңдетуге, азық-түлік өнімдерін өндіруді ұлғайту есебінен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға бағытталатынын айтты.

Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыруға баса назар аударылады. Өсімдік шаруашылығында бірінші кезекте сапалы тұқым, тыңайтқыштарды қолдану, заманауи техникалар. Мал шаруашылығында асыл тұқымды мал үлесі ұлғайтылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі импортты алмастырумен және экспортты дамытуға тікелей байланысты салаларға инвестиция салудың ең перспективалы бағыттарын бөлді. Ет, сиыр, қой және шошқа етін қоса алғанда, ет өндіру, қайта өңдеу, сүт, жеміс-жидек пен көкөністерді өндіру және өңдеу, оның ішінде жылыжай көкөністері; майлы дақылдар мен дәнді дақылдарды қайта өңдеу, сонымен қатар жыл сайын елде және әлемде танымал бола түсетін органикалық өнімдер өндірісі, - деп толықтырды бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, тараптар Германия-Қазақстан аграрлық-саяси диалогының екіжақты ынтымақтастық жобасын жүзеге асыруды талқылады.

ГКАПД- 2009 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералды министрлігі арасында құрылған екіжақты ынтымақтастық жобасы.

Аграрлық-саяси диалог өкілдері бейнеконференцияға қатысушыларды алдағы жылдың жоспарларымен таныстырды. Жұмыс екі бағытта - органикалық ауыл шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады.

Өзгелердің жаңалығы