АШМ фермерлерге ЕАЭО елдері ірі сауда желілерімен келісімшарт жасауға көмектеспек

24 Қараша 2020, 15:26
1493
Бөлісу:
АШМ фермерлерге ЕАЭО елдері ірі сауда желілерімен келісімшарт жасауға көмектеспек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков еуразиялық интеграция аясында Қазақстанның АӨК дамуы туралы баяндады.

Дайырбековтың ақпараты бойынша, ағымдағы жылы ЕАЭО елдері экономикасындағы жалпы құлдырауға қарамастан, Қазақстанда агроөнім өндірісі 9 айда 5%-дық өсімді көрсетті. Ал ЕАЭО құрылған сәттен бастап АӨК өндірісі 13,4%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 еседен астам – $2,6 млрд-қа дейін өсті, ал импорт 7,5%-ға қысқарды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жеткізу көлемі 33,6%-ға өсті.

5 жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарығына көкөністер экспортының көлемін 9 есе (2015 жылғы $5,5 млн-нан 2019 жылы $52 млн-ға дейін), жемістер экспортын 4,5 есе ($12 млн-нан $54 млн-ға дейін), сүт өнімдерін 2 есе ($32 млн-нан $63 млн-ға дейін) ұлғайтты.

Бұл тек бастамасы ғана. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері мен терең қайта өңдеу өнімдері экспортының көлемін айтарлықтай арттыру бойынша үлкен әлеуетке ие, - деп атап өтті Дайырбеков.

АШМ фермерлерге ЕАЭО елдері ірі сауда желілерімен келісімшарт жасауға көмектеспек

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның экономикалық альянсқа кіруі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көп пайда алып келді. Бұл өндірісті ұлғайтуды және АӨК өнімдерінің экспортын кеңейтуге ынталандырды.

Алайда оң серпінге қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалуына байланысты мәселелер әлі де туындауда. Мұның себебі саудадағы сақталып отырған кедергілер мен тосқауылдар болып табылады. Олардың барлығы әлі жойылған жоқ. Ол сәйкесінше ұлттық деңгейде сауда қозғалысын шектейтін ЕАЭО құқығындағы қолданыстағы сілтеме нормаларымен байланысты.

Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедергі бар. Олардың басым бөлігі фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына тиесілі.

Алдағы атқарылатын жұмыс шеңберінде біз кедергілерді жою жөніндегі шараларды жандандыруды, Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруды, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізу және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және көтерме-тарату орталықтары жүйесін дамыту арқылы іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, АШМ жоспарларына ғылыми-инновациялық қызметтегі ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ АӨК саласында қажетті кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі іс-шараларды өткізу бөлігіндегі жұмыс кіреді, - деп толықтырды вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы