Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ақылбек Күрішбаев бүгін өткен Парламент Сенатының отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында аграрлық саласы толық қаржыландырылмай отырғаны туралы мәселе көтерді.
Сенатордың ақпараты бойынша, АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға өткен 4 жылда 2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда іс жүзінде тек 1,6 млрд теңге ғана жұмсалыпты. Осыны алға тартқан депутат мемлекеттік бағдарламалар толық көлемде іске аспайтынын алға тартты.
Бізде Ауыл шаруашылығы министрінің барлық негізгі нормативтік бұйрықтары міндетті түрде басқа мемлекеттік органдармен келісіледі. 2020-2021 жылдары субсидиялау қағидаларын, регламенттерді және басқасын келісуге 20-30 күннен жеті айға дейін уақыт кетті. Бұл жерде саланы жедел басқару туралы қалай айтуға болады?, - деді сенатор.
Сондай-ақ аграрлық салада озық елдерде ауыл шаруашылығы министрліктері аграрлық саясатты дербес айқындау және іске асыруда қажетті өкілеттіктер берілген стратегиялық мемлекеттік органдар екенін атап өтті. Ал біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі, Күрішбаев атап өткендей, «басқа министрліктерге өтініш айтушының орнында тұр».
Депутат сонымен қатар фермерлерді егін егу науқанына дайындау мәселесін де қозғады. Оның айтуынша, өткен жылғы құрғақшылық агробизнеске қатты әсер етті. Ал өнімдерді экспорттауға тыйым салу және квоталарды енгізу шаруалардың табысын шектеп тастады.
Биыл көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілері егістіктерде қар тоқтату шарасын ұйымдастыра алмады, бұл мәселелер көктемде топырақтың ылғалдығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан ағымдағы жылдың қалыптасқан жағдайында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында егін егу жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін шаруашылықтарға барлық жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау өте маңызды, - деді Ақылбек Күрішбаев.