Әшімбаев Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

1 Желтоқсан 2021, 11:05
1255
Бөлісу:
Әшімбаев Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент күніне орай Facebook желісі арқылы қазақстандықтарға құттықтау жолдады. 

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бірінші желтоқсан – біздер үшін ұлт болып ұйысқан, жұрт болып жұмылған күн. Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасап, өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. Ел тағдыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырылды. Бұл тәуелсіздік жолындағы аса маңызды қадам екені сөзсіз. Содан бері еліміз Тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып, саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани бағытта толайым табысқа қол жеткізді. Шекарамыз шегенделді, бірлігіміз бекемделді, төл құндылықтарымыз төрге озды. Осы жолда кездескен сын-қатерлерден де сүрінбей өте білдік, - деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар ол Түркістанды түлетіп, еліміз жаңа кезеңге өткенін де атап өтті. 

Барлық мәселеде бейбітшілік пен келісімге табан тірей отырып, халықаралық абырой-беделге ие болдық. Арқа төсіне жаңа елордамызды салу арқылы елдік пен егемендіктің іргесін бекіте түстік. Тұтас түркі дүниесі үшін қастерлі Түркістан шаһарын қайта түлетіп, ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жаңа кезеңіне көтерілдік. Мұның бәрі Елбасымыздың ерік-жігері мен қажыр-қайратының арқасында іске асырылды, - деп жазады Сенат төрағасы. 

Жазбасында бүгінгі мейрамның маңыздылығын атап, оқырмандарына ізгі тілегін де жеткізді. 

Қазіргі буын, әсіресе, өскелең ұрпақ Тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуі үшін бүгінгі мерекенің маңызы зор. Сол себепті, алдағы уақытта Тұңғыш Президент күнінің мәні арта беретіні анық. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш тілеймін! Еліміз бен Елбасымыз аман болсын! Тәуелсіз Қазақ Елі мәңгі жасай берсін, - деді Сенат спикері.
Өзгелердің жаңалығы