ҚР Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бүгін Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXII отырысы аясында дін көшбасшыларымен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда тараптар Съезді дамытудың 2033 жылға дейінгі Тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы перспективалық басымдықтарды белгіледі. Сондай-ақ келесі жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық жоспарын талқылады.
Қасиетті Тақтың дінаралық диалогы жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде сұхбаттасушылар Съезд Хатшылығы мен Қасиетті Тақтың жемісті ынтымақтастығына назар аударды. Кездесуде Қасиетті Тақ Қазақстанның конфессияаралық және дінаралық келісімді ілгерілету жөніндегі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны да сөз болды. Сондай-ақ тараптар алдағы он жылға арналған Съезд Тұжырымдамасын іске асыру аясындағы маңызды міндеттер жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қытай буддистер қауымдастығының вице-президенті Чжэн Цэмен кездесті. Іс-шарада адамзатты алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуде жас дін лидерлерінің әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі әңгімеге арқау болды. Хатшылық басшысы бұл орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен 6-шы Дүниежүзілік будда форумының көздеген мақсаттары үндес екеніне назар аударды.
Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесуде Мәулен Әшімбаев мейманды Съездің Ізгі ниет елшісі болып сайлануымен құттықтады. Сондай-ақ оған Форум идеяларын қолдағаны және оларды жүзеге асыруға қосқан белсенді үлесі үшін алғыс білдірді. Сұхбат кезінде Мұсылман ақсақалдар кеңесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогты одан әрі дамыту жолындағы өзара іс-қимыл мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Өз кезегінде мәртебелі меймандар Қазақстанның толеранттылық пен келісім сияқты құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарып отырған ауқымды жұмыстарын жоғары бағалап, алғыстарын жеткізді. Бұдан басқа, олар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» деген тақырыппен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне қатысуға дайын екендерін атап өтті.