Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының жас параспортшыларымен кездесті

Кеше, 18:21
256
Бөлісу:
Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының жас параспортшыларымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Федерация спортшыларымен және жаттықтырушы құраммен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сұхбат кезінде биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2025 жылға жоспарланған жарыстарға дайындық барысы және алдағы маңызды міндеттер талқыланды.

Мәулен Әшімбаев боччаны серік еткен жас спортшыларға ілтипат білдіре келіп, олардың осы жылда өткен жарыстарда шеберлік танытқанын және атлеттердің табандылығы мен жоғары деңгейдегі ерік-жігерін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құруға баса мән беріп, тиісті органдарға нақты міндеттер жүктегенін тілге тиек етті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инклюзивті қоғам құруды және Әділетті Қазақстан қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде белгілеп берді. Осы ретте боччаны дамыту елімізде ынтымақтастық, өзара түсіністік және инклюзия мәдениетін қалыптастыру жолындағы озық үлгілердің бірі екені анық. Боччаның паралимпиадалық спорт түрі екенін ескерсек, біздің параатлеттеріміз үшін алдағы уақытта әлемдік ірі сайыстарға қатысуға мүмкіндік мол. Сіздердің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіз әрдайым жарқын жеңістерге жетелейді сенемін, – деді Сенат спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, отандық параспортшылардың іргелі жарыстардағы жеңістерінің арқасында өтіп бара жатқан жыл табысты болды.

Атап айтқанда, биыл боччадан ашық республикалық турнир, Қазақстан чемпионаты мен ел Кубогы үшін жарыстар және бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілер ресми аттестациялаудан өткізілді. Бұл спортшыларды халықаралық стандарттар бойынша жаттықтыруға жол ашады. Одан бөлек, боччадан ұлттық құраманың құрамы жаңартылды.

Спортшыларымыз отандық және әлемдік жарыстарда белсенділік таныта білді. Осы ретте боччадан халықаралық челленджерлерді ерекше атап өткім келеді. Сол сайыстарда Қазақстан құрамасы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ елімізде боччашылар қауымдастығының даму қарқыны көңіл қуантады. Қазіргі таңда 20 өңірдің 11-інде бочча үйірмелері ресми түрде жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта бүкіл елді қамтуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кетер жайт, 12 параатлетіміз «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанды. Жасөспірімдер қатарынан тағы 10 атлет спорт шеберіне үміткерлер санатына қосылды. Келесі жылы Astana Boccia Challenger ірі халықаралық турнирі өтеді. 20-ға жуық елдің өкілдері қатысатын бұл сайыс алдағы жылдың басты оқиғасы болмақ, – деп, Мәулен Әшімбаев осындай ауқымды жұмыстың жүйелі жүргізілуіне белсенді атсалысып, қолдау көрсетіп келе жатқан спортшыларға, ата-аналарға және жаттықтырушылар мен төрешілерге алғыс білдірді.

Айта кетейік, биыл Финляндияда өткен халықаралық жарыста қазақстандық боччашылар жеке және командалық сында 3-орын алды. Бахрейнде болған ірі турнирдің жекелей сынында Алмат Рехат күміс медаль еншілесе, Итиана Шыңғысханова қола жүлдеге қол жеткізді. 

Сондай-ақ Руслан Ерембаев пен Эльмира Мүсірәлиева жұптық жарыста үшінші орыннан көрінді. Ал, Қуаныш Асқарбеков, Александр Курмантаев және Итиана Шыңғысханова командалық сайыста жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасқан еді.

Өзгелердің жаңалығы