Әшімбаев Оксфорд ислам зерттеулері орталығының директорымен кездесті

17 Сәуір 2024, 16:03
398
Бөлісу:
Әшімбаев Оксфорд ислам зерттеулері орталығының директорымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Оксфорд ислам зерттеулері орталығының директоры Фархан Ахмад Низамимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында ғылыми-зерттеу және рухани дипломатия саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Палата спикері қазақстандық ғалымдармен белсенді байланыс орнатқаны үшін Фархан Ахмед Низамиге алғыс білдіріп, бұл қазіргі жаһандық мәселелерді шешуге екі тараптың ғылыми қауымдастығын жұмылдыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол Қазақстан «Бірлік – әралуандықта» қағидатына табан тірейтінін айтып, Оксфорд ислам зерттеулері орталығымен байланысты одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің бейбітшілік, сенім және диалог мәдениетін дәріптеудегі рөлі туралы да сөз болды. Сондай-ақ Съездің алдағы 10 жылға арналған Даму тұжырымдамасында көзделген міндеттерді бірлесіп іске асырудың маңызды екені айтылды.

Қазақстанда өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі жиырма жыл ішінде діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогты дәріптейтін беделді әрі мойындалған халықаралық алаңға айналды. Біз былтыр Съезді дамытудың алдағы он жылға арналған Тұжырымдамасын қабылдадық. Форумның қызметі климаттың өзгеруі, теңсіздік, экстремизм, соғыс сияқты бүгінде әлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерді еңсеруге жәрдемдесу үшін дін көшбасшылары, саясаткерлер және халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Бұл ретте рухани дипломатияның әлеуеті зор екені анық. Сондықтан біз сіздердің Орталықтарыңызбен осы бағыттағы бірлескен іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Фархан Ахмад Низами кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа алғыс білдіріп, екі тарап арасындағы байланыстарды және ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты арттыруға бейіл екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы