Әшімбаев: Халықтың ырысын арттырып, ынтымағын нығайтатын ай құтты болсын

2 Сәуір 2022, 14:16
1623
Бөлісу:
Әшімбаев: Халықтың ырысын арттырып, ынтымағын нығайтатын ай құтты болсын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. 

Еліміздегі барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!

Рамазан – төзімділіктің, берекенің және рухани жаңарудың айы. Шын мәнінде, осы отыз күнде сабырлық, кешірімділік, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер кеңінен дәріптеледі. Көмекке зәру жандарға демеу болатын ізгі амалдар да осы айда көбірек қолға алынады. Сондықтан Рамазанды халықтың ырысын арттырып, ынтымағын нығайтатын ай деп қабылдаймыз.

Пандемияға байланысты соңғы екі жыл қатарынан ораза кезінде түрлі шектеулердің болғаны белгілі. Биыл індеттің беті қайтып, мешіттерге емін-еркін баруға мүмкіндік туып отыр. Бұл қазақстандық мұсылмандар үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз.

Қасиетті айдың келуімен құттықтай отырып, ниет еткен жандарға ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын деймін. Әр шаңыраққа шаттық, амандық және береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Өзгелердің жаңалығы