Асхат Аймағамбетов Көлік министрлігі ұсынған заңды сынап тастады

23 Қазан 2024, 16:42
2457
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов Көлік министрлігі ұсынған заңды сынап тастады
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Көлік министрлігінің депутаттарға ұсынған заңын сынап тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көлік министрлігі механиздері анықталмаған, дұрыс талқыланбаған заң жобасын бізге Парламентке енгізді. Бұл жобада 100 мыңдаған таксистерден ай сайын ақша төлеуді міндеттеу ұсынылған. Бұл такси қызметінің құнын барлық тұтынушы үшін қымбаттатар еді. Оны не үшін жасап жатыр, ол не береді деп сұрағанымызда, қауіпсіздік деген жауап алдық. Сонда ондаған миллиард теңге біреудің қалтасына түссе, ол қауіпсіздікті қалай күшейтеді? Түсініксіз. Депутаттар бұл норманы заң жобасынан алып тастады. Жарайды, бір мәселе шешілді. Бірақ мұнымен жобаның кемшіліктері аяқталған жоқ. Иә, тасымалдау саласында проблемалар бар. Қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр. Иә, реттеу керек, бірақ министрлік оны неге шешпеді? Оның жауапкершілігі қайда деген сұрақ бар, - деді Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, өзін-өзі реттеуді енгізе салғаннан қауіпсіздік мәселесі автоматты түрде шешілмейді. Өзін-өзі реттеуді енгізгенде жүйелі көзқарас пен нақты шешімдер қажет.

Аймағамбетов осы мәселе бойынша төрт бағытта ойын айтты.

Бірінші – мемлекеттік бақылау. Көлік саласындағы мемлекеттік бақылау мен Көлік министрлігінің жауапкершілігі бұл заң жобасымен тіпті жойылуға жақын. Заң жобасында бақылау мен реттеу негізінен өзін-өзі реттеуге, яғни палатаға ғана жүктелген. Бұған қоса осы палатаның өзін мемлекет тарапынан тексеру мен бақылау бойынша мемлекет қауқарсыз болады. Мемлекеттің оларды бақылау мен тексеру бойынша заң жобасында жеткілікті құзыреттілігі жоқ. Министр мырза бар дейді, міне салыстырмалы кесте. Онда «тек қана оның мүшелігін» тексере аласыздар деп жазылып тұр. Қай заңды сіз талқылап отырсыз? Мен оны түсінбедім.

Екіншісі – реттеу. Палатаға ретету функциялары толық берілген. Бұл негізінен дұрыс шығар. Бірақ стандарттар мен тасымалдау ережелері бойынша негізгі талаптар мемлекет тарапынан бекітілуі керек еді. Егер палаталар өз ережелерін өздері дайындап, өздері бекітіп, өздері реттесе, қандай да бір заңбұзушылықтар болуы мүмкін. Меніңше, мемлекет белгілі бір минималды әрі нақты талаптарды бекітіп, палата оған қосымша шарттарын енгізіп, реттеуге мүмкіндік беруге болушы еді.

Үшіншіден, бізде үш палата болады дейді. Неге үш? Неге төрт емес? Он емес? Оларды кім құрады, бұл қызмет кімге бұйыратыны туралы ақпарат жоқ. Бұл монополияға әкелу қаупі бар.

Төртінші – қауіпсіздік. Министрлік жалған техосмотр мәселесін шешпеді. Заң жобасында да бұл мәселе ескерілмеген. Жауапкершілікті палатаға жүктеп отыр. Жалпы бұл заң жобасы үлкен толықтырулар мен өзгерістерді қажет етеді, - деп айтты депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілісте.

Бұған дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда қаралып жатқанын жаздық. Депутаттар заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы