Ашаршылықтан опат болғандардың санын, аты-жөнін анықтау керек – тарихшы

17 Ақпан 2021, 19:02
1180
Бөлісу:
Ашаршылықтан опат болғандардың санын, аты-жөнін анықтау керек – тарихшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ халқын іс жүзіндегі Ұлттық апат иіріміне құлатқан зұлматты жан-жақты да терең зерттеп, адам шығынын мейлінше нақтылаған дұрыс

Ашаршылық тақырыбына арналған дөңгелек үстелде жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев осындай пікір білдірді.

Бұл үшін еліміздегі, көрші елдердегі архивтерді мұқият зерттеу керек, жергілікті баспасөз материалдарын саралаған жөн. Бұларға қоса, халықтың табиғи қасиетін – кемі жеті атасын түгендей алатын шежірешілігін ескеріп, барша шаңырақтан ашаршылықтар салдарынан опат болғандардың санын аты-жөндерімен анықтаған жөн, - деді ғалым.

Сонымен қатар, Бейбіт Қойшыбаев ашаршылық тақырыбын терең зерттейтін ғылыми орталық немесе музей ашу идеясын ұсынды.

Зұлмат тарихын терең зерттеп, халық жадын жаңғыртатын арнайы Институт пен Ұлттық апатты көрнекі түрде көрсететін Музей ашылса, тәуелсіздігімізді баянды етуге мүдделі отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз зор үлес қосылады, - деді тарихшы.

Дөңгелек үстелге қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай зобалаңды халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың терең білуі – маңызды міндет екенін, мұның бәрі Тәуелсіздігімізді нығайтуға, тарихи санамызды жаңғыртуға және азаттықтың қадірін түсінуге септігін тигізетінін жеткізді. Бұл ретте тарихшы ғалымдарымыздың және зиялы қауым өкілдерінің еңбегі аса маңызды екенін де еске салды.

Елордада Парламент Сенатының ұйымдастыруымен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: АШАРШЫЛЫҚ зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

Оның қорытындысы бойынша министрліктерге бірқатар ұсынымдар жолданды. Олардың қатарында ғалымдардың еліміз бен шет елдердегі архивтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, құпия архив құжаттарын ашу, Ашаршылық құрбандарының цифрлы мәліметтер базасын құру, жыл сайын 31 мамырда «1 минут үнсіздік» жариялау, «Аза сарайы» атты мемориалды кешен салу сияқты ұсыныстар қамтылған.

Өзгелердің жаңалығы