Нұр-Сұлтан, BAO.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы туралы брифингі барысында айтты.
Оның айтуынша, қазрігі күні репрессияға түскендердің санатын кеңейту бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Репрессия құрбандарын ақтау жұмысы тек саяси қуғынға ұшырап, атылып, сотталып кеткендерді реабилитациялаумен шектелмеу керек. Қуғын-сүргінге ұшыраған барлық азаматтар, соның ішінде, 1931-1932 жылдары ашаршылыққа қарсы халықа арасында көтеріліске шыққандардың да есімін жарыққа шығаруымыз керек. Олардың қатарында Созақ, Батпаққара көтерілісі, Маңғыстау, Абыралы жерінде болған толқулар бар. Олар жайлы білеріміз аз. Сол кезде қудаланғандардың көбі әлі ақталмаған. Өйткені көбі бұзақылық, адам өлтіру бабы бойынша сотталып кеткен. Қазір осы көтерілістерді 372 дерек бойынша зерттеп жатырмыз, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, оларды ақтап шығу ауқымды жұмыс болмақ.
Оларға әлі күнге бір белгі де қойылмаған. Ұлытау ауданындағы Қарсақбай деген жерге белгі қойдық, онда 30 адам атылған. Созақта бұл жұмыс енді қолға алынды. Комиссия осы жұмыстарды ұйымдастырып, қудаланғандардың тізімін жасаулары тиіс. Батырды «бұзақы» деп емес, «батыр» деп атайтын күнге жетуіміз керек. Бірақ, тағы да айтамын, бұл бір күннің, бір айдың жұмысы емес. Мұрағатпен жұмыс істеу уақыт пен жіті зерттеуді талап етеді, - деді ол.