Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қысқа қарай азық-түлік бағасы тағы қымбаттай ма? Пандемия әлем нарығына әсер етіп қоймай, дамушы елдердің де экономикалық әл-ауқатына зиян тигізді. Соңғы айларда елімізде инфляция жылдам өсіп, әлеуметтік маңызы бар жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант және сиыр етінің қымбаттауына әсер етті. Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма? Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевпен сұқбаттасқан едік.
– Елдегі азық-түлік бағасы 1-2 жылдан бері өсіп келеді. Бұған жол бермеу үшін қандай да шара қабылданды ма? Бағаны тұрақтандыруға бола ма? Жаңа жылда баға тағы қымбаттайды деп естіп жатырмыз…
- Короновирустық инфекцияға байланысты шектеулер бүкіл әлем нарығына әсер етті. Біз бағаның бүкіл әлемде тауарлар мен қызметтерге қалай өсіп жатқанын көріп отырмыз. Біздің еліміз одан тыс қалмайды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. Бағаның өсуі мәселесін оп-оңай, бір-ақ сәтте шеше салудың қисыны жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкіметке инфляцияға қарсы ден қою кешенін құруды тапсырды. Біз оны әзірлеп қойдық. Қарапайым тілмен айтқанда, бізде қысқамерзімдік және ұзақмерзімдік шаралар бар. Мәселен, бүгінде бағасы өсіп келе жатқан тұтыну тауарларын сатып алу жедел әрекет ету шарасына жатады.
Жүйелі шаралар ұзақмерзімдік кезеңге арналған. Бұл ұлттық тауар өткізу жүйесінің құрылысы. Ол 24 көтерме-бөлшек сауда орталығын салуды көздейді. Сондықтан, сөз жоқ, Үкімет осы бағытта жұмыс жасауда.
Бағаның өсуін тежеу үшін Үкімет пен әкімдіктер тұрақты мониторинг жүргізіп, кешенді шаралар қабылдауда. Тұрақтандыру қорларына бағаның өсу қаупі жоғары әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен тауарларды (ӘМАТ) сатып алу белсенді жүзеге асырылуда. Сатып алу көлемі қала халқының тұтынуының 30%-ы деңгейінде белгіленген. ӘМАТ өндірушілері мен жеткізушілеріне қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары қабылдануда. Ірі өндірушілермен және сауда желілерімен ӘМАТ бағаларын төмендету және тежеу туралы келісімдер жасалады. Бұдан басқа, Премьер-министрдің төрағалығымен апта сайын ӘМАТ бағасын реттеу мәселесі бойынша көшпелі кеңес өткізіледі.
Жалпы, ағымдағы жыл басынан бері 5 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, сауда нысандарымен және ӘМАТ өндірушілерімен бағаларды төмендету туралы 24 мыңнан астам келісім жасалды.
Инфляцияға қарсы шараларды жүзеге асыру инфляция өсуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2021 жылғы қазанда жылдық инфляция 8,9%-ды құрады. Яғни қыркүйекте осы белгіге жеткеннен кейінгі оның деңгейі өзгерген жоқ. Өздеріңіз білетіндей, жаңа жылғы мерекеде бәрі базарға ұмтылатындықтан, импорттық тауарға маусымдық баға өседі. Алайда, мерекеден кейін сұраныс төмендеп, уақытша өскен баға түседі. Сондықтан жаңа жылда баға өседі деп ойламаймыз.
– Жалпы, отандық кәсіпкерлерді және ұлттық брендтерді қолдау мақсатында қандай көмектер бар?
Бүгінде бизнеске барлық деңгейде қолдау көрсетілуде. Қазақстан Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдау бойынша тұрақты негізде белсенді жұмыс жүргізуде. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге үшжылдық мораторий қолданылады. Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледі. Заң жобасы 2023 жылы іске қосылады. Ол бизнеске жүктемені азайтуға, оңтайлы және тиімді реттеу жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Яғни бизнеске қажетсіз және тиімсіз талаптар жойылады.
Сонымен, мемлекет енгізген кез келген талап, кем дегенде, негізделген, орындалатын, болжанатын, пропорционалдық болып, кәсіпкерлерді теңдей қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік жүктемені азайту, кәсіпкерлік қызметті жандандыру үшін қолайлы және ынталандыратын жағдайлар қалыптастыру жоспарлануда.
Қаржылай қолдауға келсек, «БЖК-2025» бағдарламасы бар. Ол бойынша орта және шағын бизнеске 6%-бен 7 млрд теңгеге дейін арзан кредит алуға мүмкіндік беріледі. Субсидиялау мерзімі – 5 жыл.
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша да сомасы шектелмеген 6%-дық кредит беріледі, оның субсидиялау мерзімі – 10 жыл. Оны күнделікті тіршілікте қолданылатын ең қажет тауарларды шығаратын кәсіпорындар пайдалана алады. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін ШОК кредиттері қайта қаржыландырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді.
Өткен жылы «БЖК-2025» бойынша бизнесті микрокредиттеу бағдарламасы басталды. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн теңгеге дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыздың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі.
Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау туралы айта отырып, «БЖК-2025» шеңберінде бизнес жүргізуге оқыту және ықтимал және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу бойынша жобалар кешені қарастырылғанын атап өткен жөн. Ағымдағы жылы 14 мыңнан астам кәсіпкерге 16,5 мың теңгеге сервистік қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 41 мыңнан астам клиентке 85 мыңға жуық кеңес берілді.
Бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде ШОК субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. 49 трлн теңге сомасына өнімдер мен қызметтер шығарылып, жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеге бюджетке салық төленді. Орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидияға 6 теңге салық аударымы қайтарылады.
Салықтық ынталандыруларға келсек, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, арнайы салық режімін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері табыс салығынан босатылады. Биыл1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен жаңа арнайы бөлшек салық режимі енгізілді. 1 сәуірден 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салық төлеу кейінге қалдырылды. Осы жылы 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсынылған қорғау құралдарының құны ЖТС-тен босатылды. Алайда, күрделі эпидемиологиялық жағдай жағдайында бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілдерінің бірі – бұл Аshyq қосымшасын кеңінен пайдалану. Бұл бизнестің кәсіпкерлік қызметтен пайда табу және азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудағы жалғыз тәсілі. Аshyq қолдануда бизнестің адал көзқарасы мен жауапкершілігі маңызды.
– Covid-19 бұрынғыдай ұлттық және әлемдік экономикаға әсер ете бере ме? Ел экономикасы жаңа коронавирус штаммын көтере ала ма?
Жалғасып жатқан пандемия және оның жағымсыз жақтары әлемдік экономикада өз әсерін тигізбей қоймайды. Біз Ресейде пандемия ахуалы нашарлағанын көріп отырмыз, ал біздің елде жаппай вакцинациялаудың жақсы қарқынына байланысты жағдай көршілерге қарағанда біршама жақсы. Біз экономикамыздың бірте-бірте қалпына келе жатқанын көріп отырмыз. Бизнес Ashyq жүйесінде шектеусіз жұмыс істеуде. Биыл қаңтар мен қыркүйекте ел экономикасының өсуі 3,4%-ға жеделдеді. Нақты сектордағы өсу – 3,5%. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,9%. Covid-19 вирусының delta, lambda, mu секілді агрессивтік түрлерінің таралуы аясында пандемия толқынының қайталану қаупі сақталады. Әлемдегі вакцинацияның төмен қарқыны ұжымдық иммунитеттің қалыптасу процесін баяулатып, тиісінше экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге кедергі жасауы мүмкін.
Ортамерзімдік болжамдау шеңберінде ҰЭМ елдің әлеуметтік-экономикалық даму сценарийлерінің және негізгі көрсеткіштердің болжамды есептеулерінің қосымша вариацияларына ие. Алайда, бұл сценарийлер ішкі жедел жұмыстарға арналған. Пессимистік сценарийлердің пайда болу ықтималдығы артқан жағдайда, олар шешім қабылдау үшін пайдаланылады.