Қазір кино әлемінен алыстап, психологияға бет бұрған Әсел Сәдуақасова қалай актрисадан әйелдердің тәлімгеріне айналып кеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы кездері блогерлер, жұлдыздар өздерінің авторлық курстарын ұсынып, әйелдер мен қыз-келіншектерге "коуч" болып жүр. Соның бірі - Әсел Сәдуақасова.
Танымал актриса бұрын бір уақытта 4 фильмге түскен кездері болғанын атап өтті. Салдарынан оның денсаулығы нашарлап, тола бастаған.
2019 жылы бір уақытта 4 фильмде түстім. Күніне 4-5 сағат ұйықтап, еркек сияқты жұмыс істеймін. Қоластымда 500 адам бар болса, өзіме де соншама жауапкершілік артылған еді. Ағзам мұншама жүкті көтере алмады. Сөйтіп бір айда 10 келі қостым. Циклім бұзыла бастады. Алайда клиникаға баруға уақыт таппай жүрдім. Ақыр соңында дәрігерге жеткенімде маған «тоқтаңыз, организм қатты күйзеліп кеткен» деп айтты. Өзімше «Күйзеліс?! Жоқ, менде бәрі қалыпты ғой» деп қоямын. Бірақ қалайша өз денемді, өзімнің сезімдерімді соншалықты түсінбегенімді ұғынып, қорқып кеттім. Өмірімдегі сол кезеңді әлі ұзақ уақыт ұмытпайтын шығармын, - деді ол.
Сонымен қоса Әсел Сәдуақасова киноға түсу арманы болса да, соңғы уақытта киноиндустрия өзіне баяғыдай қуаныш әкелмегенін жасырмады.
Өзімді не себепті сонша титықтатып жібергенміне таңғаламын. Ақша, кино, атақ үшін бе? Бұлардың барлығы маған бұрынғыдай қуаныш әкелмейтін, әрі қарағым да келмейтін. Кезінде киноға түсу арманым болған еді. Қазір ойлап отырсам, осы мақсаттарыма жетуіме – жалғыздығым, өзімді-өзім бағаламауым түрткі болған екен, - деді актриса.
Әселдің сөзінше, пандемияның басталуы оның өміріне елеулі өзгерістер әкелген. Себебі ол бұл өмірде өз-өзіне не керегін түсіне бастаған.
Кейін пандемия басталды. Екі жыл бойы кино көріп, тамақ ішіп, ұйықтағаннан басқа дым бітірмедім. Бұл уақытта еш қуаныш та, құлазу да болмады. Бір күні өмірім осылай өте ме деген ойға баттым. Қорықтым. Тізерлеп тұрып, жаратқаннан көмек сұрап, жылап жібердім. Не істеу керегі бірден ойыма келді деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ алдағы өмірімде бәрі жақсы болады деген ой келді. Біршама уақыттан кейін рухани тәлімгерлермен араласа бастадым. Өз өмірімді өзгерте аламын деген үміт пайда болды, - деді ол.
Актриса атап өткендей, психологияны жіті зерттеу үшін ол Балиге көшіп кеткен.
Шегеге тұрудан тыныс алу техникасына дейін, психологиядан эзотерикаға дейін зерттеуге кірістім. Өмірімді кері тартып жүрген қорқынышым сейіліп, өмірге деген көзқарасым өзгерді. 7 келіге арықтап кеттім. Бұрын шетелде тұруға үзілді-кесілді қарсы болғам. Бұл жолы Балиге билет алып, «өмірімді ретке келтірмесем кері қайтпаймын» деп өз-өзіме серт бердім. Онда жарты жыл тұрдым. Балиден дзенімді таптым. Түрім, келбетім өзгеріп, өзімді ерекше сымбатты сезіндім. Ата-анаммен, адамдармен қарым-қатынасым жақсарды. Бәрі бұрынғыдай болмайтынын түсіндім. Себебі мен өзгердім. Киноны әлі де жаным сүйетін, алайда баяғыдай тартпады. Сол сәтте немен айналысатынымды түсінуім керек болды. Әлі есімде «37 жаста өмірімді жаңадан бастап жатырмын» деген ой келген еді, - деді Сәдуақасова.
Айта кетейік, Әсел Сәдуақасова былтыр маусым айында тұрмысқа шықты. Оның таңдауы белгілі маркетолог Мағжан Тілеухановқа түскен.