Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа жұмысында 3 млн теңге жалақы алады дегенді жоққа шығарды.
«Достарым, жалақымның қанша болатыны әлі өзіме де белгісіз болып тұрғанда, ол туралы жалған ақпарат тарап кетті. 3 000 000 теңге көлеміндегі еңбекақы - жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін, fake news қолдан жасалғанына күмәнім жоқ. Тым әсіре сілтепті, басқа не айтуға болады.Өздеріңізге аян, көптен бері мәдениет саласы қызметкерлеріне жоғары жалақы беруін сұрайтынмын. Министр қызметін атқарған бес жыл ішінде осы мәселені бірнеше рет көтердім. Егер осындай ақпарат шындыққа жанасса, әрине қуанар едім, өкінішке қарай, бұл әзірге мүмкін емес», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, ол министр болғанда 1 миллионға жуық жалақы алып отырған. Ал енді Ұлттық музейдің директоры ретінде айлығы бұдан бес есеге төмендеген.
«Әдеттегідей сіздерге шынымды айтайын: министр қызметін атқарғанда еңбекақым 980 000 болды, 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Укіметінің Қаулысы негізінде Ұлттық музей директоры ретінде 172 436 теңге есептеліп, қолыма 139 673 теңге берілетін болады. Бұл қызметтегі менің санатым «А1-1», еңбек өтілім мамыр айын қоса алғанда 31 жыл үш ай болды», - дейді Ұлттық музейдің директоры.
Экс-министр музейде «он үшінші еңбекақы», бонустар деген атымен жоқ екенін де жеткізді. Ол халықты мұндай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Сонымен, достарым, не шықты? Нағыз фейк. Жалған ақпаратта менің айлық жалақым ретінде көрсетілген сома менің еңбекақымды 95% көбейтіп, мен 12 айда алатын 1 676 076 теңгені екі есеге арттырыпты. Бізде «он үшінші еңбекақы», бонустар жоқ. «Кездейсоқ» миллиондарға қателесіп кетіпті...Мұндай жалған ақпаратқа сенген адамдар табылып, оларға түсінік беруім күлкілі жағдай. Осымен бұл тақырыпты талқылауды доғарайық, ағайын. Мұндай ұсақ-түйекке уақытымды енді кетірмеймін: ақылдылар өздері түсінеді, ақымақтарға түсіндіре алмайсың. Баршаңызға жақсы көңіл-күй үшін рақмет!», - дейді Мұхамедиұлы.