Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысындағы «Факел» сауықтыру лагерінде демалып жатқан Арыстың балалары үшін Балқаш қаласына экскурсия ұйымдастырылды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оларға металлургтер қаласының тарихы туралы айтылып, жергілікті көрікті жерлерді, мәдениет және сәулет ескерткіштері көрсетілді.Туған елдің тарихы және мәдениетімен танысу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Экскурсия Балқаш қалалық тарихи-өлкетану мұражайын аралаудан басталды. Балалар қаланың ең ерте ғимараттардың бірі – 1952 жылы Ленинград сәулетшісі Л. Мелештің жобасы бойынша салынған М. Хамзин атындағы Металлургтер мәдениет сарайын аралап шықты. Оларға ХХ ғасырдың көрнекті домбырашысы, Қазақ КСР Халық әртісі, Балқаш қаласының құрметті тұрғыны, қаланың мәдени символына айналған ескерткіш-мүсінде мәңгі есте қалған Мағауия Хамзин туралы баяндалды.
Экскурсиялық турға Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіштер де кірді. Әрине, кішкентай қонақтарға Балқаш көлінде тұзды-тұщы суға шомылып серуендеу ұйымдастырылды.
Арыс қаласынан келген кішкентай қонақтардың сапары туралы естелікке көптеген фотосуреттер жасалды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қарағанды облысы Түркістан облысы Арыс қаласының балаларын демалысқа шақырған болатын. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың бастамасымен Арыстың 200 жас тұрғынын Сарыарқаның киелі жері – Бектау-ата шатқалында орналасқан «Факел» қала сыртындағы сауықтыру лагері қабылдады.