Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласындағы жарылыстан қаза тапқан үшінші адамның кім екені анықталды. Ол туралы Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарынан бүгінгі күнге дейін үш адам қаза тапты. Оның біреуі қала тұрғыны, екеуі келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер.
Вице-министрдің айтуынша, келісімшартпен жұмыс істейтін Нұрлан Аxметов кеше сейсенбі күні 25 маусымда Шымкенттегі емдеу орындарының бірінде қаза тапқан.
«Қаза тапқан үшінші адам - Әбдіқұл Нұрланұлы Ахметов 1987 жылы туған. Үйленген, бір баласы бар. Ол – Шымкент қаласының тумасы. 2013 жылы әскер қатарына келісімшартпен шақырылған. Ол бөлім командирі болған.Әскери қызметкер Ахметов кеше алған жарақаттарының салдарынсн ауруханада қайтыс болды. Ол тұрғындарды құтқаруға көмектескен еді», - дейді Тимур Дандыбаев.
Айта кетейік, 24 маусым күні таңертең Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шықты. Өрттің соңы жарылысқа ұласты. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан 45 мың адам эвакуацияланды.