Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты журналистер пресс тур барысында Ордабасы ауданы, Төреарық ауылындағы Тәуке хан атындағы орта мектебінде Арыс қаласынан зардап шеккен азаматтарды уақытша қабылдау пунктіне соқты.
Төлеби ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дулат Жанзақов БАҚ өкілдеріне пунктте 175 адам паналап жатқанын айтты.
«Қазір осында 89 адам жатыр, оның ішінде 54 ер адам, 18 жасқа дейін 12 адам, 35 әйел, 5 жасқа дейін 5 бала бар. Мұнда балалар ата-анасымен отыр. Тізім бойынша жан жақтан туған-туыстары, ата-аналары іздеп келіп жатыр. Басында бірінші күні автобуспен халық көп келіп, 147 адам тіркелді. Көбісі «шок состояниеде» болды», - деді Д.Жанзақов.
Бұдан кейін зардап шегушілер жатқан бөлмелерді аралап көрдік. Мектептің әрбір кабинеті төсек-орынмен қамтамасыз етіліпті. Арыс қаласының тұрғыны 1964 жылғы Оразкүл Молданова алғашқы күні күйеуі мен баласын жоғалтып алғанын, бүгін баласын Сарыағаш жақтан тапқанын, ал күйеуін әлі таппай отырғанын жеткізді.
«Бізге жақсы қарап жатыр. Киім, жуынатын заттар берді. Кеше жарылыстан есіміз шығып қырдың төбесіне қарай қаштық. Айдалада қалған жерімізден осында алып келді. Баламды таптым, өзі 2 топтың мүгедегі еді, ал күйеуімнің қайда екенін білмеймін, аман болса екен деп отырмыз. Кеше осында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Жағдайымызды сұрап, көмектесеміз деп айтты. Кеше ата-анасынан көз жазып қалған кішкене бір қызға көмектестік, осында анасы келіп алып кетті. Мұндай нәрсе қайталанбасын деп отырмыз», - деді зардап шегуші Оразкүл Молданова.
Бұдан кейін Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов Созақ, Бәйдібек, Төлеби, Ордабасы ауданынан 4 бригада жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Бүгін кешке осы жердің азаматтары арыстықтарға ұлттық тағам ет асып, дастархан жаямыз деп отыр. Демеушілер көптеп келіп жатыр. Біз кеше Төлеби ауданынан үш автобуспен 150 адамға жететін дайын ас-сумен келдік. Мұнда зардап шегушілерге үш мезгіл тамақ, шай берілуде. Қазірге дейін пункттен 700-ге жуық адам өтті. Кеше екі баланың ата-анасы табылды. Бір үлкен әжені баласы тауып, келіп алып кетті. Мұнда кіріс-шығыс бәрі бақылауда. Тамақ, су жеткілікті. Барлығы қамтамасыз етілген», - деді Ғ.Төлепов.
Оның айтуынша, арыстық зардап шегушілерге арналған тамақ қоры үш күнге жеткілікті. Себебі, мектепте сақтау қоймасы жоқ болғандықтан, аудандар резервте тұрған азық-түліктердің дайын екендігін айтып өтті.
Айта кетейік, тұрғындар тегін дәрі-дәрмектермен қамтылған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері мен психолог, социолог мамандар да кез келген уақытта қол ұшын созуда. Бригада басшысы міндетін атқарып жүрген Ғалымжан Төлепов екі адамның ауруханаға жеткізілгенін айтты.