Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көктем басталысымен оқ-дәрілер қалдықтарын жою бойынша жұмыстары қайта жалғасты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Кәсіби және тәжірибелі саперлерден жасақталған құрама инженерлік-саперлік топ Арысқа келді. Әскерилер арнайы техника және құралдармен толық жарақталған. Далалық госпиталь ашылды.
Саперлердің басты күші жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ауылшаруашылық жұмыстарының қайта жандануына байланысты егіс алқаптары мен жайылымдар маңайы тексеріледі.
Табылған заттар мен оның бөлшектерін арнайы жабдықталған орынға (полигонға) жинап, жояды. Қауіпсіз деп танылған оқ-дәрілерді шығару жалғасады. Біразы қоймалар маңында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жойылады, - деп хабарлады министрлік.
2020 жылғы жүргізілген жұмыстардың тәжірибесі көрсеткендей, табылған заттар мен бөлшектердің көбі қауіпсіз. Бұған қарамастан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейтаныс заттар табылған кездегі іс-қимыл тәртібін жеткізу үшін Қорғаныс министрлігі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қыс мезгілінде ауарайының нашарлауы мен жердің қатуына байланысты оқ-дәрілерді жоятын әскери саперлердің қызметі тоқтатылғанын атап өткен жөн. Алайда қоймалар аумағын тазарту, сынықтарды жинау, металл бөлшектерін сұрыптау жұмыстары жалғасты.
Жергілікті тұрғындардың өтінімдеріне жедел ден қою үшін топтар құрылған еді.
Еске салсақ, 2019 жылы маусымда өртке қарсы қызметтің пультіне қоймада жарылыс болды деген хабар келіп түсті. Ол Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы өртке ұласқан еді.