Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда Арыс қаласы тұрғындарына көмек көрсетуге арналған арнайы жұмыс штабы құрылды. Оны жеке өз қадағалауына алған облыс əкімі Даниал Ахметов шығысқазақстандықтардың арыстықтардың қайғысына бейжай қарай алмайтынын айтты. Бұл туралы бүгін өңір басшысының қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Брифингке облыстағы мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Басты мақсат – апаттан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету. Мұны аймақ тұрғындарына үндеу жариялаған облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады.
"Бұл Арыс қаласы тұрғындарының ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының басына түскен ауыр сынақ. Осындай сын сағатында ауызбіршілік танытып, отандастарымызға көмек беру міндетіміз. Сондықтан бүгінгі жиынға мемлекеттік қызметшілермен қатар, бизнес өкілдері мен журналистерді де шақырдым. Жерлестеріміз арыстықтардың қайғысына бейжай қарамайды деп сенемін. Кәсіпорын басшылары өз ұжымдарымен кездесіп, әріптестерін қиын жағдайға душар болған ағайынға жәрдемдесуге шақыруы тиіс. Тек мәжбүрлеу болмасын. Барлық жұмыс ерікті түрде жүргізілуі қажет. Қазір апаттан зардап шеккен отбасылардың балаларын Шығыс Қазақстандағы лагерлерде демалту мәселесін қарастырудамыз", – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Түркістан облысының тұрғындарына көмек көрсету жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін алға тартты.