Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арысқа қан тапсырып көмектесіп жатқандар бар. Бұл туралы "Республикалық студенттік қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев айтты.
"Арыстағы жарылыстан зардап шеккен азаматтарға өз қолдауымызды білдіреміз. Қазақстан жастары студенттері сіздермен бірге деп айтқым келеді. Қазақстан студенттерінің альянсы республикалық болғандықтан, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында штабымыз бар. Бізде Арыс қаласында екі колледж орналасқан. Сол жерде 800-ден астам студентіміз оқиды. Штаб мүшелері оқиға болған күні бірден көмек көрсетуге кірісіп кетті. Еріктілер тобы құрылды, олар Арыс тұрғындарын басқа жерлерге көшіруге көмектесті. Аймақтағы штабымыз ғана емес, жалпы республика бойынша мүшелеріміз атсалысып жатыр. Мысалы, кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарымен шұғыл жиын өтті. Содан кейін Жастар сарайында Арысқа жөнелтетін гуманитарлық және материалдық көмек орталығы ашылды", - дейді Ілияс Түстікбаев.Оның айтуынша, студенттердің арасында қан тапсырып көмектесіп жатқандар бар.
"Елорда студенттері мен жастары қан тапсырып жатыр. Қан тапсырған адамға 600 теңге төлейді. Сол ақшаны алып, көмек қорларының ресми есептеріне аударды. Одан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері 13 млн теңге аударды және 3 жатаxқанаға 500 адамды орналастырды. Елордадағы бірнеше жоғары оқу орнының қызметкерлері де бір күндік жалақыларын Арысқа көмек ретінде беріп жатыр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры жатақxанаға 1000 адамды қабылдауға дайын екенін айтты", - дейді ол.