Арыс тұрғындарының құжаттары тегін рәсімделуде

14 Тамыз 2019, 16:36
2231
Бөлісу:
Арыс тұрғындарының құжаттары тегін рәсімделуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үйлері төтенше жағдай кезінде жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарының құжаттарын тегін рәсімдеп жатыр, деп хабарлады мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі.

Маусым айының соңында орын алған жарылыс салдарынан бұзылған және зақым келген ғимараттарды жаппай қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Арыс қаласында жер кадастры және жылжымайтын мүлік саласы бойынша қызметтер көлемі күрт өскен. Қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие болып отырған осы қызметтер мемлекеттік корпорациямен тегін көрсетілуде.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтердің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында Арыс қалалық бөлімшесіне Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан және Түркістан облысының аудандық бөлімдерінен 25 қызметкерді көмекке жұмылдырды. Шілде айының басынан корпорация өз есебінен ақысыз негізде 858 техникалық төлқұжат, 3328 меншік иесі туралы мәлімет, 476 жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжаттарын және құқық белгілейтін құжаттың мұрағаттық көшірмесін беріп, жылжымайтын мүлік дерекқорындағы қателерді түзету жұмысы бойынша 799 тұрғынға қызмет көрсетті. Ал жалпы есепті мерзімде (24 маусым – 12 тамыз) Арыс қалалық бөлімімен көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 17 мыңға жетті», - делінген таратылған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, Азаматтарға арналған үкіметтің Арыс қаласы бойынша бөлімі орын алған төтенше жағдайдан кейін азаматтарға қызмет көрсетуін тоқтатпай, далалық жағдайда, арнайы құрылған штаб құрамында жұмыс істеді. Тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріліп, ақпараттық анықтамалар мен бастапқы құжаттар пакеті ұсынылды. Қажет болған жағдайда мамандар азаматтарды құжаттандыру үшін көші-қон қызметі басқармаларымен жедел өзара іс-қимыл жасап, тиісті жұмыстар атқарды.

Сондай-ақ, Арыс қалалық ХҚО қаланың әлеуметтік нысандарының арасында алғашқылардың бірі болып аз уақыт ішінде ғимаратын жөндеуден өткізіп, өз жұмысын қалыпты жағдайда қайта жүргізген болатын.

Өзгелердің жаңалығы