Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінен өрт шықты. Қоймада инженерлік оқ-дәрілер сақталғандықтан, оның салдары жарылысқа алып келді. Бұл оқиға жергілікті халықты есеңгіретіп тастады. Бейбіт күнде мұндайды бастан кешірген оңай ма?! Дегенмен оқиға бізге таңсық емес. Себебі тура осындай жағдай екі жыл бұрын Арыс қаласында болған еді.
Арыс жағасында...
2019 жылғы 24 маусымда Арыс халқы дүрбелеңге түскен. Таңғы сағат 09:20 шамасында №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан жарылыс болып, қала халқы қорыққаннан үйлерін тастап, жан-жаққа тым-тырақай қашқан еді.
Зуылдап ұшып жатқан оқ-дәрілер үйлердің, ғимараттардың шатырын, есік-терезесін қиратып кетті. Әп-сәтте қала көк түтінге оранып, бейне бір соғыс болғандай аласапыран күй кешті.
Дәл сол күні Арыс қаласымен шектесетін Ордабасы ауданы Ақжол елді мекеніндегі Жамбыл орта мектебінің ғимаратында оперативті штаб құрылып, шұғыл түрде облыста төтенше жағдай жарияланды.
Қала тұрғындары қауіпсіз аймақтарға оқшауланды. Түркістан облысының барлық ауданы мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде Арыс қаласының 30 мыңнан астам азаматы тіркеліп, оларға толығымен жағдай жасалды.
Әр облыстан және Түркістан облысының барлық аудан әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті аумаққа жауапты болып бекітілді. Ал соңғы жарылыс 25.06.2019 жылы сағат 12:50-де тіркелді.
Арыс қаласы қаңырап бос қалды. Ертесіне қалаға кіретін барлық жол жабылды. Себебі қауіптің беті әлі қайтпаған еді.
Сол себепті тұрғындардың және мемлекеттің мүлкін сақтау, қауіпті аймаққа кіруге тосқауыл қою мақсатында полиция, Ұлттық ұлан жасақтары тартылып, 9 блок-бекет, 75 жаяу жасақ, 15 автопатруль, 3 сауытты автокөлікпен қамтылған жедел әрекет ету топтары құрылды. ІІМ жеке құрамы мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп қалаға кіреберіс күре жолдарға 90 қосымша тосқауыл қойды.
Үйлерге келген зардаптарды зерделеу барысында 7635 үй, оның 7532-сі – жеке үй, көпқабатты 103 үйдің зақымдалғаны анықталды. 480 үй, оның 477-сі – жеке үй, 3 – көпқабатты үй жарамсыз деп танылды. Жөндеуді қажет ететін 7155 үй, жеке үй – 7055, көпқабатты 100 үйде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Жарамсыз деп танылған 480 үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда тұрғындар өз баспаналарында тұрып жатыр.
Жалпы құрылыс жұмыстары шілде айында басталды. Қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 190 құрылыс компаниясы, 6 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың 28 маусымы күні басталып, жыл соңында аяқталды. Ал қыркүйек айында негізгі құрылыс нысандары бітіп, пайдалануға берілді. Бірінші болып Атырау облысы құрылыс жұмыстарын аяқтады.
Айта кетейік, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына 16 облыстан және Нұр-Сұлтан қаласынан 190 құрылыс компаниясы, 6 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника қатысты.
Арыста болған оқиғадан 3 адам қаза тапты.
Жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оның 15-і әскерилер, 1-еуі азаматтық тұлға. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шегуші деп танылды. Ал қылмыстық істің өзі 550 томнан құралды.
Сот 2020 жылдың маусымында басталған. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. 26 шілдеде сот өз үкімін кесті.
12 сотталушы 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан жеті жылға дейін шартты түрде сотталды.
Арыстағы жарылыстың шығыны 173 млрд теңгені құрады.
Арыс оқиғасы қайталансын дейсіздер ме?
Дәл осылай Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин былтырғы қаңтарда өткен палатаның жалпы отырысында байбалам салған еді.
Ол кезде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов қоймалар мен арсеналдар жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеу ережелерін қайта қарау қажет екенін айтқан болатын.
Бізде барлық қойма, оқ-дәрі сақтайтын базалар бойынша мәлімет бар. Иә, базалар, қоймалар және арсеналдар жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеу ережелерін қайта қарау қажет, - деген еді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.
Осы кезде Мәжіліс спикері нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде қажетті іс-шаралар атқарылмағанын айтып еді.
Бізде маусым айында Арыс оқиғасы болды. Сіздер, нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде болсын, қажетті іс-шараларды осы уақытқа дейін әлі де істемегенсіздер. Тағы бір Арыс оқиғасын күтіп жүрсіздер ме? Сіздерде екі категория бойынша ереже бар, бірі – тыйым салынған аймақтар, екіншісі – аудандар. Тыйым салынған аймақтар бойынша 400 метрге дейін, тыйым салынған аудандар бойынша 3 километрге дейін ешқандай объект болмауы тиіс. Алайда бұл ережелер мүлдем сақталмайды. Елімізде 58 оқ-дәрі сақтау объектісі болса, соның 18-інінің айналасында түрлі объектілер бар екен. Олардың көбі өндірістік нысандар, тұрғын үйлер, жол және энергетикалық инфрақұрылым. Басқа сөзбен айтқанда, ереже бар да, ал бақылау тетіктері орнатылмаған, - деген еді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Нығматулин заңда әкімдіктерді қару-жарақ, оқ-дәрі сақтайтын базалар мен қоймалар бойынша қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндеттеп, олардың жауапкершілігін қатаңдату қажет екенін айтқан еді.
Әйтпесе әскери қоймалар жанында, ұшу-қону жолақтары маңында жерді бей-берекетсіз бере береді. Біз заң жобасын әзірлеп, шекаралар бойынша талаптарды қайта қарауымыз керек. Сіздерде, тіпті, қару-жараққа байланысты бұл аумақтар километрмен және метрмен әртүрлі болуы тиіс. Біз Арыста көрдік, бір қоймада 100 метрге де және бірнеше километрге де ұшатын қару-жарақ жатыр. Қайдағы максималды 400 метр? Мұны профильді комитетке әзірлеуді тапсырамын. Заң жобасы осы сессияның соңына дейін қабылдануы тиіс. Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасы бар. 2020 жылдың маусымына дейін заңды түрде қабылдануы тиіс, - деді Мәжіліс төрағасы
Осылайша, жабулы қазан ашылмады. Себебі Арыстағы оқиға күні кеше Жамбылда қайталанды.
Жамбылдың «жасы»
2021 жылдың 26 тамызында сағат 19.10-да Байзақ ауданы Қайнар ауылында орналасқан Қорғаныс министрлігінің No28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасы жанды.
250 тұрғыны бар Қайнар ауылы 1 шақырымға жетпейтін қашықтықта орналасқан. Халықты эвакуациялау басталды.
Оқиға орнына шұғыл түрде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барды.
Апат болған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, жалпы алғанда 10 мектеп пен 5 колледж ғимараттарынан 400-ден астам орын дайындалған.Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 3 медициналық авиациялық бригада тартылған. Оның ішінде 1 бригада Тараз қаласындағы №5 мектепте кезекшілік етеді, Тараз политехникалық колледжінде 1 бригада, онда Байзақ ауданы, Базарбай ауылынан бұған дейін 226 адам эвакуацияланған болатын.Жағдайға байланысты бүгін барлығы өз қалауларымен тұрғылықты мекен жайларына оралатын болады, - деді аймақ басшысы.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда травматолог, нейрохирург, хирург, реаниматолог және басқаларды қосқанда 32 дәрігер, 56 фельдшер қызмет атқаруда. Олар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, 27 тамыз 8:00-дегі жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдауда, оның ішінде 6 адам орташа ауыр халде. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, - деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік 109 қызметіне барлығы 473 өтініш келіп түскен. «109» қысқа номеріне – 265 өтініш, «What`s app» мессенджеріне – 190 өтініш келіп түскен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Жамбыл облысына Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері, Ішкі істер министрінің орынбасары ұшып кетті. Жақын маңдағы ауыл тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Облыстық ТЖД-нің 30-ға жуық қызметкері мен әскери қызметшілер жарақат алды. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ, ТЖМ бөлімшелері жұмылдырылды. Теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды, - деп жазды Президент твиттердегі парақшасында.
Жамбылдағы оқиға салдарынан 5 адам қаза тапты. Олардың барлығы әскери қызметкер. Бұл әзірге. Оқиғадан кейін жоғалған азаматтар да бар. Осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуді ұйғарғанын айтты.
Қазіргі менің ең басты мақсатым – осы апаттың салдарын тез арада жою. Ал енді сізді отставка мәселесі қызықтыратын болса, мен осы хабарды естіген соң бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым, мен отставкаға беремін, отставканы сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді, - деді Нұрлан Ермекбаев.
Бұл жағдайға қатысты әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы facebook әлеуметтік желісінде мынандай пікір қалдырыпты.
Министр Нұрлан Ермекбаевтың 2019 жылы Арыстағы жарылысқа қатысты айтқаны және бүгінгі мәлімдемесінің мазмұны бірдей екен. Салақтық, адам факторы, химиялық реакция немесе әдейі өртеу мен диверсия болуы мүмкін екенін айтыпты. Өз басым бұл жарылыстар офицерлер арасында "тазалық" жүргізуге қызмет ете ме деп күмәнданамын. Осы жолы министр кеткеннің өзінде бірнеше офицерді сүйреп кететін шығар. Олар теріскейшіл ме, батысшыл ма оны біле алмай қалармыз. Айтпақшы, екі жарылыста да диверсия нұсқасы бар. Егер шынымен диверсия болса, қарсы барлау ай қарап жүр деген сөз, - деді Амангелді Құрметұлы.
Жамбылдағы оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Арыс апатынан алмаған сабақ Жамбылдағы жарылысқа жалғасқанын жазды.
Арыс апатынан кейін тағы да әскери қару-жарақ қоймасы жарылысы. Бұл қашанға дейін жалғаспақ?! 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласында алапат жарылыс болып, қалың елдің қайратымен бүкіл қала тұрғындары эвакуацияланды. Үш адам мерт болды, - деді ол.
Депутат Арыстағы жағдайдан кейін партиялар да оқ-дәрілердің сақталуына қатысты байбалам салғанын айтады.
Енді міне, екі жылдан бері «Ақ жол» партиясы мәлімдемесінде арнайы айтылған: «…Жарылыс қаупі бар әскери қоймаларды Арыс қаласының маңындағы аймақтардан және еліміздегі барлық қала аумағынан алып тастауды, жергілікті аймақтардан тыс орналасқан қару-жарақтарын қауіпсіз жерде сақтау және жою жұмыстарын ұйымдастыру мен реттеуді талап етеміз» деген талаптың орындалмағанының айқын айғағы - Жамбылдағы жарылыс. Арыс апатынан алмаған сабақ Жамбылдағыдай жарылыстарға жалғаса беретінін ұмытпайық. Құдай сақтансаң ғана - сақтайды, - деді депутат.
Екі жылда болған екі оқиғадан бөлек Қарағанды облысында 2001, Арыста 2009, 2014, 2019 жылдары, Алматы облысы Іле ауданындағы Қараой кентіндегі 2009 жылы, Отарда 2013 жылы аналогиялық жағдай болды.
Бұл оқыс оқиғалар оқ-дәрілердің қоймаларда сақталу тәртібін өзгерту туралы түбегейлі шешім қажет екенін көрсетті. Қалғаны уақыт еншісінде...