Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыстағы төтенше оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 462 бабының 3 бөлімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 100 адамнан жауап алынған. Бұл туралы ҚР Бас әскери прокурордың орынбасары Дарxан Ержанов айтты.
"Арыс қаласында орналасқан 44859 әскери бөлімінде (№1 артиллериялық қойма) оқ-дәрілердің жарылу фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде екенін хабарлаймыз. Қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, радиоактивтi материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға аса қауіп төндіретін өзге де заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін, егер бұл абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдайда – бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген", - дейді Дарxан Ержанов.
Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінің қатарынан жедел-тергеу тобы құрылған.
"Қылмыстық процессуалдық кодекске сәйкес, қылмыстық 2 ай тергеледі. Егер 2 айда тиісті айғақтар жиналмаса, қылмыстық істі тергеудің уақыты созыла беруі мүмкін. Тіпті, 3,4,5 ай тіркелуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде мәселе қылмыстық істің күрделігіне байланысты. Сіздер түсінетін шығарсыздар,бұл өте күрделі қылмыстық іс. Тергеу жүргізіліп жатыр. Көп жұмыс істеу керек. Тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан екі аптада атқарылған жұмыс бойынша ештеңе айта алмаймыз", - дейді ол.