Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл жазда арыстық 4010 баланы жазғы лагерьге жіберу жоспарланған. Бұл туралы Арыс қаласында өткен брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Әбдіхан Мұсаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 27 маусым-9 шілде аралығында барлығы 1395 бала өзге өңірлерге демалуға кеткен. Атап айтқанда, Павлодар облысында – 300, Ақмола облысында – 145, Жамбыл облысына – 223, Алматыға – 150, Батыс Қазақстан облысында – 47, Шығыс Қазақстан облысында – 150, Нұр-Сұлтан қаласында – 200, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында – 150 бала демалса, Алматы қаласына 30 әскери қызметкердің балалары барып, тынығуда.
Сондай-ақ, арыстық балаларды демалуға еліміздегі 13 облыс пен қала, екі ЖОО, республикалық екі сауықтыру орталығымен қатар Қырғызстан Республикасы да шақырып отыр.
Жалпы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша балалардың демалу мерзімі 1 айға созылмақ.Шілде айының 10-18 күндері тағы да 1572 баланы жазғы лагерьге жіберу көзделіп отыр.
Түркістан облысының аудандарында 462 бала жазғы лагерьлерде демалуда. Қалған 1214 бала 18-шілде мен 1-тамыз аралығында демалыс орындарына жіберіледі.