Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласындағы қауіпсіздік және дабыл жүйесі толығымен жаңартылып, ауыстырылады. Сонымен бірге, Түркістан облысының даму бағдарламасы бойынша өңірдегі барлық аудан, қалаларда да осы бағытта жұмыс күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Арыс қаласындағы брифингте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Запаров мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, бүгінде Арыс қаласында 16 техника мен 65 адам кезекшілікте жүр. Сонымен қатар, ол тұрғындарға газ балондарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау керектігін ескертті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Қайыргелді Хұсайынов Арыс қаласы мен оның маңындағы 20 шақырым аумақта тексеру, мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әскери қоймаға жақын тұста мал жаюға болмайтынын айтты. Себебі, мұнда әлі де тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына 66 әлеуметтік нысанның құрылысы тапсырылды. Соның ішінде 54 білім мекемесі, 8 денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны бар. 62 нысан әртүрлі деңгейдегі күрделі жөндеуден өтсе, 4 нысан қайтадан салынады. Бүгінгі таңда құрылыс аумағына 30 мердігер, 49 техника және 1300-ден астам құрылысшы жұмылдырылған. Бәрін уақтылы әрі сапалы аяқтаймыз», – деді «Нысандар құрылысы жөніндегі компания» корпоративтік қорының бас директоры Арман Жетпісбай.
Ал, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен қолға алынғанын, қала қалыпты өмірге оралып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Атырау және Жамбыл облысына тиесілі секторларда жұмыс алда екенін айтты.