«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

20 Мамыр 2022, 12:00
2529
Бөлісу:
«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кездері Жамбыл облысында мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін шығармашылық ұйымдарына қатысты шу жиілеп кеткен. 

Ата-аналар осы уақытқа дейін тегін болып келген кейбір үйірмелердің табан астында ақылы болып кеткеніне наразы. Осыған байланысты мән-жайды аймақтағы Мемлекеттік спорттық тапсырыс операторы Ерлан Калкеевтен сұрап білдік.

– Ерлан Фрунзебайұлы, аймақтағы ата-аналар неге дүрлікті? Былтыр басталған спорттық бағдарламада бір шикілік бар сыңайлы...

– Былтыр Жамбыл облысының қазынасынан мемлекеттік спорттық тапсырысқа 142,3 млн теңге бағытталған болатын. Мемекеттік спорттық тапсырысты іске асыру нақты тамыз айынан басталды. Өйткені, спорттық тапсырысты қаржыландыру, негізінен кәсіби спорт клубтарынан бұқаралық спортқа қайта бағдарланған қаржы есебінен жоспарланған еді. 

«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

Ал биыл спорттық тапсырысқа 300 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы осы жылдың ақпан айының тапсырысын ішінара қанағаттандыруға ғана жетіп отыр. Себебі бұл қаржыға былтырғы қараша, желтоқсан айларының қарызы өтелді. 

Негізі, бұл – балалардың спортпен, басқа да шығармашылықпен сапалы айналысуына бағытталған, соған мүмкіндік туғызатын іргелі жоба. Өйткені осы бағдарлама арқылы мыңдаған жеткіншек қабілеттерін шыңдап жүр. Сондықтан бұдан шикілік іздегеннен гөрі, қолдау көрсеткен абзал деген пікірдемін. 

– Мыңдаған бала деп қалдыңыз, нақты сандарға тоқталсақ. Әлі де балаларды қабылдау шаралары жүзеге асып жатыр ма?

– Аймақтағы спорттық тапсырыс аясында шығармашылық ұйымдарға 7 345 бала тіркелген. 52 өнім берушіден 166 өтініш түсті. Оларда 17 спорт түрі қамтылып, 166 спорттық секция жұмыс істеп жатыр.

«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

Бүгінде мемлекеттік тапсырыс берушілердің өтініштерін қабылдау және ынталы балаларды тіркеу тоқтатылған. Себебі 2021 жылдың қазан-қараша айларында тапсырыс берушілер мен бала санының күрт өсуіне байланысты бюджет қаражатының жетіспеушілігі анықталып отыр. 

Биылға қамтылған жеткіншектердің спорттық тапсырысқа қажеттілігі 1 414 млн теңге. Жыл соңына дейін өнім берушілер алдында 956 млн теңге көлемінде берешек қалыптасуы мүмкін. Осыған байланысты аймақта қосымша қажеттілікті қаржыландыру жұмыстары атқарылуда. Тиісті бюджеттік өтінім министрлікке және облыстық бюджеттік комиссия қарауына ұсынылған.

 – Ерлан Фрунзебайұлы, шу шығарған ата-аналармен аймақ басшысының кездескенінен хабарымыз бар еді. Қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма?

– Әлбетте, қаржы жетіспеушілігінен туындаған мәселелерді шешу мақсатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ата-аналармен, қызмет көрсетуші өнім берушілермен кездесу өткізді. Осы орайда, аймақ басшысы хаттамалық бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша қызмет көрсететін өнім берушілердің жұмысын бақылау мақсатында мониторингтік топ құрып, 2 апта бойы зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын.

Зерделеу тобы белсенді ата-аналардан құралып, өз жұмысын бастады. Зерделеудің алғашқы нәтижелерінде бірқатар кемшілік анықталды. 

«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

 – Соларға тоқталып өтсек...

– Атап айтқанда, жекелеген өнім берушілердің спорт залдары талапқа сәйкес келмейді. Тіпті, кейбірі тіркелген мекен-жайынан басқа жерде қызмет көрсетіп жатыр. Ал кейбір спорт залдарда балалар саны толық емес. Тағы біреулерінде балаларға белгіленген жаттықтырушылардан басқа азаматтар қызмет көрсетіп жатыр. Тіркелген балалар үйірмелерге мүлде қатыспаған, есесіне тіркелмеген балалардың қатысып жүргені де белглі болды. Жекелеген спорт залдардың жаттығу кестесіндегі уақыттарда жаттықтырушылар да, балалар да болмаған.

Бүгінде зерделеу нәтижесіндегі ұсынымдарға байланысты кейбір өнім берушілер өз жұмысын тоқтатты. Заңсыз жұмыс істеген өнім берушілердің ваучерлері, яғни қабылдаған балалары қысқарады. Ваучерлермен жұмыс істеп жатқан өнім берушілердің қызметі жыл бойы зерделенетін болады.

– Ал заңсыз жұмыс істеген өнім берушілерге қандай шаралар қолданылады?

– Бүгінде 3 жеке өнім берушінің заңсыз әрекеттері бойынша Жамбыл облыстық прокуратураға және экономикалық қылмысты тергеу департаментіне хат жолданды. Жекелеген өнім берушілердің тарапынан түсініспеушілік болып, спорт залдарына кіргізбей, кедергі келтіргендер де бар. 

Зерделеу барысындағы хаттамалық тапсырмаға сәйкес, мемлекет меншігіндегі спорт залдардың жалға берілмеуі тұрғысында шаралар қабылданып, жалға берілген спорт ғимараттары бойынша келісім-шарттар бұзылды. Бұл спорт залдарда спорттық тапсырыс аясында 1233 балаға берілген мүмкіндік қайтарып алынып жатыр. Алайда, бұл балалар далада қалмайды, осы спорт залдарда спортпен айналысуына жағдай жасаймыз.

«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

– Ерлан Фрунзебайұлы, бұл «АртСпорт» бағдарламасы осындай келеңсіздіктерден соң, тоқтап қалады деген қауіп те бар. Мұны жалғастыру бағытында қолға алынған жұмыстар бар ма?

– «АртСпорт» бағдарламасы мұнымен тоқтап қалмайды, одан әрі жалғасын табады. Бұл бағдарламаға қаржы жергілікті бюджет есебінен қарастырылады. Алайда, облыс қазынасының мүмкіндігі шектеулі. Мұны да ескеру қажет. Сондықтан бұл шығындарға лимит қойылады және қосымша білім алғысы келетін балалар қабылданбайды. Биылғы ақпан, наурыз айларының қарыздарына зерделеу шаралары жүргізілгеннен кейін, заңды, адал жұмыс істеп жатқан өнім берушілерге төленеді. Қарызды төлеу бағытындағы қосымша қаржы бөлу мәселесі 1 маусымға дейін шешімін табады.

Осы орайда өнім берушілерге айтатын бір маңызды ақпаратым бар. Мемлекет қаражатының әр теңгесін мақсатты жұмсау – бізге жүктелген маңызды міндет. Сол себептен, кез келген ұйым негізсіз жұмсалған қаржы үшін заң алдында жауапты болады. Өнім берушілер өздерінің адал жұмыс істейтіндіктерін дәлелдеп, зерделеу тобына залдарға кіруге рұқсат еткені абзал. Ал ата-аналарға айтарым, балалардың спорттық секцияларға қатысуын өздеріңіз бақылаңыздар. Электронды табельге өздеріңіз ғана қол қойыңыздар. Электрондық цифрлы қолтаңбаны өнім берушіге беруге болмайды. Бұл – үлкен заңсыздық. Қайталап айтамын, Электрондық цифрлы қолтаңбаны үшінші тұлғаға заңсыз бергені үшін 400 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Тағы да өтінерім, алдағы уақытта басқарма тарапынан ата-аналарға қосымша сауалнама жүргізу ұйымдастырылады. Осыған көмектесіңіздер. 

«АртСпорт» бағдарламасы тоқтап қалмайды – оператор

– Жалпы, аймақта қанша үйірме немесе шығармашылық-спорттық орталық қызмет көрсетеді? Оларға балалардың баруына, жазылуына жағдай жасалған ба?

– Талдау көрсеткендей, «АртСпорт» бағдарламасы бойынша қадамдық қолжетімділік принципі көп жағдайда сақталмаған. Сондықтан бос жүрген балаларды басқармаға қарасты спорт залдарға шақырамыз.

Жамбыл облысы бойынша 124 926 бала спорттық секцияларға қатысады. Соның ішінде орта мектептердегі спорттық секцияларда 87 684 бала жаттығып жүр, спорт ұйымдарындағы үйірмелерде 37 242 бала бар.

Өңірде – 50, соның ішінде Тараз қаласында – 18, аудандарда 32 спорт ұйымы жұмыс істейді. Ондағы спорт залдардың есігі балаларға қай кезде де ашық, шектеу жоқ. Балалар кәсіби тұрғыда спортпен айналысатын болады және де үлкен спорттық жетістіктерге жетуге мүмкіндіктері мол.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы