Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтандағы ең алғашқы мурал 2017 жылы "Сарыарқа" ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қабырғасына салынған.
Соңғы кездері елордадағы тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу сәнге айналып келеді. Елімізде осыдан бірер жыл басталған бұл үрдіс бүгінде Нұр-Сұлтанның бірнеше нысанына әр беріп тұр. Мурал деген не, жалпы?
Мурал – бұл өте ірі көлемді өнер туындысы, көбінесе, қабырға бетіне салынған сурет немесе үлкен граффити. "Мурал" сөзі ағылшын тілінен аударғанда – "қабырғадағы сурет" деген мағынаны білдіреді. Мурал-арт суреттері кез-келген жерге бояу жағып кету, ретсіз сурет салу емес, бұл - биік ғимараттардың қабырғаларына жергілікті биліктің арнайы рұқсатымен сурет салуды көздеген заманауи көше өнері.
Мұндай суреттер әлемнің көптеген ірі қаласында бар. Әсіресе, стрит-арттың астанасы саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон сияқты әлем шаһарларында жиі кездеседі. Әдетте, муралдар үйлердің сыртқы қабырғаларына, үлкен қоршауларға немесе жер асты өткелдеріне салынады.
Алайда, мурал мен граффити өте ұқсас болғанымен, олардың да айырмашылығы барын түсіну керек. Мурал – әдемі суреттен бөлек, қандай да бір терең идеяны немесе мағынаны жеткізуге арналған өнер туындысы. Сонымен қатар, мурал жергілікті билікпен келісілген негізге ғана салынады. Негізі мұндай кескіндерді салу түрлі мамандандырылған суретшілерге жүктеледі, бірақ кейде тиісті тәжірибесі бар көше өнерінің шеберлері де тартылады. Себебі, граффити стиліне бейімделген суретшілердің мурал салуға мүмкіндігі жеткіліксіз болуы мүмкін.
Әлемде бұл өнер түрі 1920 жылдары жақсы дамыды, ал, одан арғы тарихы сонау б.э.д. 30 000 жыл бұрынғы мерзімге дейін кетеді. Ол кезде Францияның Шове үңгірінен ірі суреттер табылған. Ал, әлемдегі көлемі жағынан ең үлкен мурал ресейлік суретші Миша Мостқа тиесілі. Ол 2017 жылы Нижегород облысындағы Выкса қаласында көлемі 10 800 шаршы метр болатын "Эволюция-2" атты монументалды кескіндемені салып шықты.
Бір ғана автор салған әлемдегі ең ірі 5 мурал:
Миша Мост-Выкса, Ресей – 10 800 м2 (2017)
Кобра-Сан-Паулу, Бразилия – 5 700 м2 (2017)
Рамон Мартинс-Минск, Беларусь - 3 450 м2 (2016)
Кобра-Рио-де-Жанейро, Бразилия-2 646 м2 (2016
Альфредо Сегатори-Буэнос-Айрес, Аргентина-2000+ м2 (2014)
Қазақстандағы муралдардың пайда болу тарихы санаулы жыл бұрын Алматыдағы "ARTBAT FEST" фестивалінен басталды. Ал, Нұр-Сұлтандағы муралдарға келер болсақ, қаладағы ең алғашқы мурал 2017 жылы елорданың сол кездегі әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен "Сарыарқа" ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қабырғасына салынған. Жобаны "DOXA" арт-тобы жүзеге асырды. "Открытка из Астаны" деген атауға ие болған мурал 1970 жылдардың бейнесін көрсетеді. Бейбітшілік көшесі, 1 мекен-жайындағы төрт қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі жаңа картина ғасырлардан жеткен ұлттық дәстүр мен тұрғындар бейнесі арқылы қаланың өткенінен сыр шертеді.
2018 жылы елордада ұйымдастырылған "Urban Art Astana-2018" фестивалі қала ғимараттарына ерекше көрік сыйлады. Қазақстанның символы саналатын қар барысы құрметіне салынған мурал №187 көшесіндегі үйлердің бірінде орналасқан. Фестивальге Қазаннан келген Дамир Бозик атты суретші "табиғаттан асқан суретші жоқ", дейді.
Есенберлин көшесіндегі үйдің қасбетінде орналасқан суретші Константин Змоговтың (Zmogk) жұмысын ерекше аллегория дерсің. Бойжеткен өзінің айналасында болып жатқан бар дүниені шексіздікке бағытталған парақтарға жазып отыр. Елорданың барлық маңызды оқиғалары оның "қалалық жылнамасында" көрініс табары сөзсіз. Туындыға "Тарих" деген атау берілген.
Елорда көшелерінің бірінде (С-409 к-сі, 47) орналасқан үйдің қабырғасына салынған кезекті мурал табиғат тақырыбына арналған. Ресейлік суретші Евгения Ches-дің туындысынан автордың қала тұрғындарына адамзаттың табиғатпен тығыз үндестікте екенін жеткізгісі келгенін байқауға болады.
Ал, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің құрметіне арналған мурал Сарыарқа көшесіндегі үйлердің бірінен орын тепкен. "Арт-топ 310" тобының суретшілері бұл туындыда дәстүрлі сурет өнері әдістері мен сандық технология әдістерін қатар пайдаланған. Неопуантилизм стилінде салынған суреттің әр нүктесінен әр адамды көруге болады. Автор тарихпен, қазақ ұлтының мәдени кодымен жұмыс істеген.
Кезекті мурал қазақтың "Қыз қуу" дәстүріне арналған. "Cross" тобының суретшілері бұл дәстүрден тек қазақтың ұлттық ойынын ғана емес, одан да терең мағынаны көргендей.
Самир Салахов "Urban Art Astana-2018" фестивалі аясында дүниеге әкелген туындысына "Ұлы дала ұйқыда" деген атау берген. Суретте Қазақстанның эндемикалық жануарлары киік пен барыс бейнеленген. Олардың табиғи үлгілері қазақтың ұлттық ою-өрнегімен нақышталған. Ақбөкен мүйіздері молшылықтың белгісі болғандықтан арнайы таңдап алынды. Түрлі климаттық аймақтарда мекендейтін жануарлардың бір суретте үйлесуі Нұр-Сұлтанның континенттік климатын еске салады.
3D форматында салынған тағы бір арт-нысан Сейфуллин көшесінде орналасқан. Абстракция элементтері бар суретті ресейлік Максим Реванш салған. Мурал атауы – "Әзірет Сұлтан мешіті".
Бірқатар халықаралық көрмелер мен арт-резиденцияларға қатысқан суретші Асхат Ахмедияров елордаға "Талмен өмір сүру" атты туынды сыйлады. Бейбітшілік көшесіндегі тұрғын үйлердің біріне әр беріп тұрған мурал жоғарыда айтылғандай, адамның табиғатпен үндестігін бейнелейді. Асхат Нұр-Сұлтан қаласының ерекше климатына байланысты мұнда талдардың сирек өсетінін алға тартады. Ол бірнеше қабатқа арнап бір тропикалық тал өсіру арқылы үйде өсімдік өсіру көлемін арттыру, табиғатты үй ішінде барынша тарту идеясын осы суретімен ұсынады. Жалпы, автор суреттерінде табиғат проблемасын, адамзаттың экологияға келтіріп жатқан залалын жиі қозғайды.
Тарих тақырыбына арналған тағы бір туынды ресейлік Илья Соколовтың туындысы. Сарыарқа көшесінде орналасқан. Муралға кіріспес бұрын автор қазақ мәдиениетіне терең бойлап, зерттеу жүргізген көрінеді. Көмекшісі Артур Кашак екеуі муралды бес күнде салып біткен. Көгілдір фонда бүркіт бейнеленген туындының биіктігі 30 метр, ені 12,5 метрді құрайды.
"Адам, табиғат, қала". Елордалық және мәскеулік суретшілер Никита Ходак пен Ринат Абдрахмановтың тандемінен туған ғажап туынды Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын үйдің қабырғасына ерекше көрік беріп тұр. Муралдағы бойжеткеннің аты – Әлия, ол да елордалық. Суреттен Нұр-Сұлтанның картасын, табиғат элементтерін, жалпы экологияға қатысты дүниені байқаймыз. Ринаттың бұл саладағы алғашқы қадамы болса да, тәуір дүние шыққанға ұқсайды.
"Like" деп аталған мына мурал Нұр-Сұлтандағы Абай даңғылындағы тұрғын үйге салынған. Сурет авторы Андрей Repas текті, ақылды әрі әдемі жануар саналатын жылқы мен заманауи адамның қызығушылығын осылай ұштастырған екен.
Ал, биыл Нұр-Сұлтанда тағы бірнеше мурал пайда болды. Солардың бірі – елорда күніне арналған туынды. Авторы – Кристина Бекмұрзаева.
Композиция елорда күніне арналды. Тұрғындардың өздері тұратын, сүйетін, шаңырақ құратын қалаға қатынасы туралы әңгімелейді, мұның бәрі таза, көңілі пәк балалар бейнесі арқылы жеткіздік. "Бәйтеректің" символын бейнелеген кішкентай қыздың қолы тұрғындардың қалаға деген қатынасын, біз жақсы көретін, тағдырымыз бір "Ұлы дала жүрегін" бейнелейді, - дейді ол.
Биыл дүниеге келген туындылардың бірі әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына қарсы күресте аянбай еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің құрметіне арналды. Муралдың негізгі идеясы – дәрігерлерге деген алғыс. Әли Зәкір және Ержан Танаевтың қолынан шыққан бұл керемет суретті салуға 20 сағат кеткен.
Медицина қызметкерлері – бүгінгінің батырлары. Оларға деген құрметімізді біз осылай білдірсек деп шештік, - дейді суретшілер.
Қазақтың біртуар ұлы, кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлына арналған мурал Нұр-Сұлтан қаласы, Тәшенов көшесіндегі 10-үйге ілінді. Арт-жоба Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған. Суретте батырдың портретін ұстап тұрған әйелдің қолы бейнеленген. Бұл – майданнан жақындарын күткен аналардың, әйелдердің бейнесі. Туынды авторлары "TigrohaudCrew" командасының граффити-суретшілері - Ержан Танаев пен Әли Зәкір. Олар дәрігерлердің құрметіне салынған муралдың да авторы. Бауыржан Момышұлын бейнелеуге суретшілер бір айдан астам уақыт дайындалып, бір апта уақыт ішінде салып бітірген.
Ал, қазақтың қазақтың ұлы ақыны, композитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың портреті елордадағы Абай даңғылының бойындағы үйлердің бірінен көрініс тапқан. Мурал Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойына орай "Байқоңыр" ауданы әкімдігінің қолдауымен салынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен "Астана – адалдық алаңы" жобасы аясында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің құрметіне салынған мурал Сәтпаев көшесінде тұр.
Нұр-сұлтан қаласының Есіл ауданында пайда болған муралдардың бірі ЕХРО-2017 аумағында орналасқан және ол "Мәңгілік Ел"деректі фильмінің бір бөлігі саналады. Муралда мозаика секілді бүкіл Қазақстанның картасы бейнеленген. Монументалды туындының ауданы - 600 шаршы метр.
Биыл салынған ерекше туындылардың бірі "Шексіздік" деп аталады. Авторы – суретші Бейбіт Әсемқұл.
Байқап қарасам, біз білмейтін үй тіршілігінің қыбыры мен жыбыры, кір жуып жүрген әйелдер, кілем жайып жатқандар да солар, басым көпшілігі қыз- келіншектер. Бұл екі мурал сол тіршіліктің қыр-сырын айқындап, мағынасын ашып тұр. Ананың махаббаты - еліне, жеріне, сәбиіне, жарына шексіз. Ол өзін айналасына құрбан етеді, шашы ағарады, жүзін әжім торлап, маңдайына қыртыс түседі. Мына кимешек ғимараттың бойына шексіз созылған, ол ананың өмірлік заңымен ұштасқандай, - дейді суретші.
P.S.: Мурал кеше басталған өнер емес, оның тарихы тереңде жатыр. Суретшілер бұл жұмыс емес, өмір мәні дейді. Бүгінде мурал салу әдеті Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана емес, еліміздің өзге қалаларында да біртіндеп дамып келеді.