Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесі жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ-та «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында экс-президент Назарбаевтың үлесі бар деген ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат рас па? Үлесі қанша? Қайғылы жағдайдан кейін экс-президент те жауапқа тартыла ма? Компанияны сотқа бересіздер ме? Қазір «АрселорМиттал» компанияны қаншаға саудалап жатыр? – деп журналистер Смайыловқа сұрақ қойды.
Премьер-министрдің сөзінше, былтырдан бастап «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен Үкімет күрделі келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ол оңай келіссөздер емес. Себебі бір жағынан біз ішкі инвестициялық ахуалды түсіріп алмай, сақтауымыз керек. Бізде мыңдаған шетелдік инвестор жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша ауқымды инвестицияларды тарту мақсаттарымыз тұр. Сол себепті ішкі инвестициялық ахуалды сақтауымыз керек. Оның үстіне халықаралық соттарға барып, үлкен дауларға кіріспеуіміз керек, - деді Смайылов.
Екінші жағынан «АрселорМиттал Теміртау» ірі компания екенін есте сақтау керек. Ол жерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан ірі компанияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету керек.
Сондықтан бұл келіссөздер біраз уақытты алды. Дегенмен біз 22 қазан күні тиісті алдын ала келісімшартқа қол қойдық. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын ҚР-ға беру шарттарын келістірдік. Алдын ала шарт бойынша біз оны жария ете алмаймыз, - деп түсіндірді Премьер-министр.
Оның айтуына қарағанда, алдымен заңды рәсімдер толығымен аяқталуы керек. Қарашаның 30-ына дейін барлық рәсім аяқталады.
Смайыловтың сөзінше, «АрселорМиттал Теміртау» инвесторға 1996 жылы берілген.
Ол кезде басқа ахуал болған, басқа басымдықтар болған. Ол кезде экономикамыз құлдырап, көптеген өндірістік байланыс үзіліп, үлкен берешектер болды. Басты мақсат – ірі компанияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтап, берешектерді өтеу болды. Жалақыны төлеу мәселесі де күрделі болып тұрды. Сондықтан кезінде осындай шешім қабылданды. Оның дұрыс-дұрыс емес екенін тарихтың өзі көрсетіп жатыр, - деді ол.
Ал компаниядағы Назарбаевтың үлесіне қатысты былай жауап берді.
Біз заңды рәсімдерді жүргізу кезінде «АрселорМиттал Теміртаудан» тиісті құжаттарды алдық. Акциялардың 100%-ы «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі. Басқа қосымша иелері жоқ. 100% иесі «АрселорМиттал Теміртаудың» өзі, - деп жауап берді Премьер-министр Әлихан Смайылов.