Қазақстанда биыл 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем кімдерге беріледі? Оны қалай алуға болады? Бүгінгі шолуымызда осы сұрақтарға жауап береміз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Арнайы төлем кімге беріледі?
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары:
- 55 жасқа толу
- БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады:
- республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы;
- өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.
Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.
Қанша теңге төленеді?
Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңге, ал 2035 жылы – 519 мың теңге.
Төлемді алу үшін не істеу керек?
Бұл жәрдемақыны алу үшін жұмысшылар жұмыс орнындағы кадр бөліміне барып, тиісті өтінішті жазуы керек. Онда ол зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуін тоқтататынын көрсетеді. Осыдан кейін ол кез-келген жұмысқа ауыса алады. Бұл өтініш бізге автоматты түрде беріледі. Біздің жүйеміз оған төлемді тағайындайды, - деді вице-министр Назгүл Сағындықова.
Сіз жәрдемақы алуға құқығыңыз туындағаннан кейін кез келген уақытта өтініш бере аласыз:
- мемлекеттік корпорация;
- проактивті қызмет.
Өтініш беруші жәрдемақымен бір мезгілде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын зейнетақы төлемін алуға өтініш бере алады.
Әрекетке қабілетсіз, әрекетке қабілеттілігі шектеулі немесе қорғаншылықты немесе қамқоршылықты қажет ететін адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін олардың заңды өкілдері өтініш пен қажетті құжаттарды береді.
Үшінші тұлғалардың жәрдемақы тағайындау туралы өтініш сенімхат бойынша беріледі.
Жәрдемақы алуға құқығы бар тұлғалар мемлекеттік корпорацияға өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты тапсырады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың ақпараты бойынша, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1119 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4 %-ға төмен, оның ішінде 175 адам қаза тапты, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (133 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (93 адам), Абай (95 адам), Павлодар (92 адам), Қостанай (75 адам) облыстарында және Алматы қаласында (74 адам) сақталып отыр.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 18,1% және құрылыс саласында – 10,5% байқалады.
Статистикаға сәйкес 2022 жылы тексерілген 1 млн 600 мың жұмыскердің 491 мыңы (31%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.
Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің жоғары деңгейі Қарағанды (61 301 адам), Павлодар (45 679 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (26 668 адам) байқалады.
Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2022 жылы еліміз бойынша 680 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 207 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға артық, – деп айтқан болатын Оспанқұлов.