Қаланың әрбір тұрғынының қысы-жазы күндіз-түні тыным таппай көше тазалап жүретін қызғылт сары техникаға көздері үйреніп алған болар. Қыста олар қала көшелерін қардан тазартса, жазда шаң-тозаңнан арылтады. 20 жылдан бері қаланың тазалығына атсалысып келе жатқан еңбекшіл жанның бірі, «Астана Тазалық» ЖШС-да арнайы техника жүргізушісі Жарқын Мұсаевпен әңгімелесудің сәті түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Таңмен таласа техниканың рулін тізгіндейтін арнайы техника жүргізушісінің жұмыс күні таңғы сағат 7-ден басталады. Тиісті медициналық тексерістен өткен соң бригадаға қаланың қай бөліктерін тазалау қажеттілігі айтылып, тиісті кесте беріледі.
Жұмыс күніміз күнделікті таңғы 7-ден басталып, кешкі 4-те аяқталады. Арасында ұзартылған жұмыс күндері болады. Сол кездерде 10 сағаттан жұмыс істейміз. Бұл техниканы үйрену себебім – бала күнімнен өзім осы техникаға құмар болдым. Сонымен техникаға әуестеніп, училищені оқыдым. Рульде отырғаныма отыз жылдан асыпты, - деп ағынан жарылды Жарқын Рахманұлы.
Арнайы техника жүргізушілерінің жұмыс кестесі тікелей ауа райына байланысты деп айтуға әбден негіз бар. Себебі қар көп жауып, Арқаның қысы қаһарына мінсе, оларға міндеттелетін жұмыс та көбейе түседі. Кейіпкеріміз боран мен қарға, аяз бен желге қарамастан 10 сағаттап жұмыс істейтін кездеріміз болады дейді.

Мен тізгіндеп жүрген осы арнайы техника – жүк тиеуіш, «30-дық», 2021 жылдың ақпан айында келген. Мекемем осы техниканы сенім артып бердім. Содан бері бұл техника менің сенімді серігім десем болады. Қыстыгүні көшеде қар тазалау, жолдың жиектерін тазаласақ, жаздың күні көшедегі қоқыс жәшіктерінің қоқыстарын, топырақтарын жинаймыз, - деді маман.
Жиырма жылдан астам уақыттан бері техниканың жілігін шағып, майын ішкен маман өз ісіне тиянақты, әрбір қадамына мұқият.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасымын. 2015 жылы Астана қаласына көшіп келгенмін. 2017 жылы «Астана Тазалық» мекемесіне жұмысқа орналастым. Сонау 1993 жылы баяғы СПТУ деген училищені бітіріп, сонымен осы мамандықтың иесі болдым. Осы мамандыққа бала кезімнен қызықтым. 1993 жылдан бері осы мамандықпен нәпақамды тауып келемін, Отбасыма келсем, жарым бар, екі ұл, екі қызым бар. Екеуі жұмыс істейді, екеуі мектепте оқиды. Биыл 49-дың төріне шықтым, - дейді маман.
Нәпақасын маңдай терімен, адал еңбегімен тауып жүрген жан «Астана Тазалық» ЖШС-дағы еңбек жағдайына да жақсы баға берді.
Бұл мекемеде сегіз жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Еңбекақымыз уақытылы, әр айдың 10-на дейін төленеді. Жалақымыз құдайға шүкір. Кәсіподақтан арасында керек кезінде көмегімізді де аламыз. Қысқы маусымда тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Жаңа жылда балаларымызға сыйлық аламыз, - деді еңбекшіл жан.

Бала күнінен маңдай термен көп еңбек етіп үйренген Жарқын Рахманұлы «Еңбекпен тапқан мал жақсы» деген ұстаныммен өмір сүреді.
Өзім бала күнімнен физикалық тұрғыда жұмыс істеуге үйренгенмін, - дейді ол.
Сондай-ақ ол арнайы техниканы тізгіндеген маманның бойында қандай қасиеттердің болуы тиістігін де атап өтті.
Жүргізушінің қасиеті дегенде осы мамандықты таңдаған соң жан-жақты жақсы меңгеріп, мұқият болу, төзімділік қажет. Айналада жүріп жатқан басқа техникалар бар, жаяу жүргіншілер бар. Солардың бәрін қарап отырып, сақ болу керек. Бұл жұмысты әйел заты да меңгерулеріне болады. Қазір нәзік жандыларымыз автобус та айдап жүр ғой, - деді жүргізуші.

Айтуынша, арнайы техниканың руліне отырсаң, түрлі жағдайларға дайын болған жөн.
Бұл жұмыста төтенше жағдайларға дайын болған жөн. Мәселен, жол апаты, көшеде батып қалатын жайттар болып тұрады. Соның бәріне біз көмекке келеміз. Өткен көктемде Жібек жолы ауылында болған су тасқынына көмекке бардық. Бір айдай сол жақта жұмыс істедік. Құтқарушы болып, суға дамбы жасап, еңбек еттік. Техниканы әрі қарай оқып, өсуге болады. Қай техника болса да меңгеріп кете алатыныма сенімдімін. Жүк тиеуші көлікті айдағанға дейін қаншама арнайы техниканы жүргіздім, - дейді маман.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Сондықтан адал кәсіп істеп, маңдай терімен қоғамға үлесін қосып жүрген жұмысшылардың еңбегін еленері сөзсіз. Ол үшін қала тазалығын әркім өзінен бастап, өзгенің еңбегі құрметпен қарасақ, нұр үстіне нұр.