"Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер" атты партияаралық диалог барысында "Respublica" партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Жаңа Конституциядағы 5-бап туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Конституция жобасындағы 5-бап қаржы саласында және қарқынды даму аймақтарында арнайы құқықтық режим енгізуге мүмкіндік береді.
Бұл норма жаңа технологиялар мен цифрлық қаржы құралдарын сынақтан өткізіп, инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. "Мемлекеттік басқару лабораториялары» тетігі арқылы жекелеген өңірлерде құқықтық және экономикалық ережелер жеңілдетіліп, нақты бір саланы дамытуға жағдай жасалады. Бұл, әсіресе, дотациялық өңірлердің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қос азаматтыққа қатысты талап күшейетіні туралы жаздық.